Бүгін облыстық ауруханада ауыр жағдай тіркелді. Күрделі отадан кейін қабылдау бөліміне түскен науқастарды қарауға түскен хирургқа кезекте тұрған азаматтардың бірі қол көтерген. Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Кезекте үшінші тұрған пациент дәрігерге агрессивті мінез танытып, оған соққы жасаған. Салдарынан дәрігер есінен танып қалды. Қазір ол ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр," – делінген ресми хабарламада.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тергеу амалдарын бастап кетті. Аурухана ұжымы бұл жайтты жай ғана тұрмыстық дау немесе эмоцияға берілген әрекет емес, ақ халатты жандарға қарсы жасалған қылмыс деп бағалап отыр.
"Бұл — күн сайын адам өмірі үшін күресіп жүрген мамандарға қарсы жасалған ауыр әрекет. Біз әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі жауапқа тартылуы тиіс деп санаймыз. Әрбір дәрігерге жасалған соққы – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне жасалған соққы," – дейді аурухана өкілдері.
Медицина қызметкерлерін қорғау мәселесі қоғамда қайта көтерілуде. Дәрігерлердің айтуынша, оларда қару жоқ — олардың жалғыз "қаруы" — білім, тәжірибе, және адам өміріне деген жанашырлық. Алайда олар да адам. Оларды да үйде отбасы, бала-шағасы күтіп отыр.