"Кей топтар қаржыландырады деп бөліскен видеодағы "құйрық-бауыр" туралы ақпарат “Салт-дәстүр сөйлейді” кітабынан алынған. Видеоның астында сілтеме де болған еді. Ешкімнің лоббиінсіз, сол ақпарат негізінде жасалды." Иә, бұл Әлияның сөзінен алынған үзінді. Осы үзіндіге қарап, оқырман "Салт- дәстүр сөйлейдіні " парақтады.
Бауыржан Карипов мына суретті іліп қойды. Бақсақ, кітаптың бетінде "Бабалар сөзіне " сілтеме тұр екен. Тіпті @Айбек Наби да "Бабалар сөзін " қараңдар деген сыңай танытты. Бауыржан салған суретте 70 - том , 2011 жылы шыққан деп сілтеме көрсетілген. Бет саны көрсетілмепті. Бет саны жоқ, демек, кітаптың әр бетін мұқият қарау керек деген сөз. Әлия айтқан "Құйрық-бауыр туралы ақпараттың" Әлиге қатысты жері мен суреттегі 2 шумақты 70 - томнан таппадым. Шұқшиып отырып қарадым. Сосын https://arasha.kz/ сайтына материал шықты. Ол жерде Мұхит Төлеген былай дейді: Ал «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында «Құда түсу, сырға салу, киіт беру» деген тақырыппен берілген аңызда Әзіреті Әлидің өз ұлына келін әперіп, содан құдалық жасағаны, қарсы жақта киіт жауып сыйлағаны жайлы айтылады. «Наушаруан» қиссасынан екі шумақ үзінді берілген. Бұл қисса «Бабалар сөзі» жинағының 16-томында жарияланған". Байқайсыздар ма, әңгіме алғашқы "ҚҰЙРЫҚ- БАУЫРДАН" басқа жаққа ауып барады. Нақтырақ айтсақ, кітап авторлары дау тудырған, Әлия түсіндірген "Құйрық - бауыр асату" туралы әңгімеге түсініктеме бермейді. Қош дедік, енді Мұхит айтқан 16 - томды қарайық. Таптым. Екі шумақтың бір шумағы 16- да бар екен. Кітаптағы сілтеме сияқты 2011 жылы емес, 16 - том 2005 жылы шыққан, үзінді 68 бетте екен. "Салт-дәстүр сөйлейді" сәл өзгертіпті, мен "Бабалар сөзіндегі" нұсқасын салайын:
"Сонда Әли жұрт жиып қылды тойды,
Киiт жауып сыйлады тамам бидi.
Бұ тойда тамам асхаб көп жиылды,
Сол жерде хазiрет Оспан некаһ қылды".
Әлия видеосында : "Қазіргілердің ойлап тапқан дүниесі ме деп ойласам, құйрық-бауыр асату әзіреті Әли кезінен сақталған салт екен. Әзіреті Әли келін түсіргенде, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, құдаларға малдың етіне бата жасатып, кәделі жілігін түгел асатып, балбырап пісірілген қойдың құйрығының үстіне бауыр турап араластырып, айран қосып, құдалардың алдына тосады. Ұн жағады беттеріне. "Құда болдық, құйрық-бауыр секілді жақын болайық" деп әзіреті Әли құдалығын дәл осылай кәдемен бекіткен көрінеді.",- деді.
Қорытсақ, Әлия бұл деректі "Салт- дәстүр сөйледіден" алдым деп сілтеме берді, "Салт- дәстүр сөйлейдіні" шығарушылар "Бабалар сөзіне " сілтеді. "Бабалар сөзінде " "құйрық-бауыр асату әзіреті Әли кезінен сақталған салт екен" деген сөйлем жоқ. Мұхит Төлеген көрсеткен "Қисса Наушаруан" бар. Сілтемедегі бір шумақ та бар, бетін көрсеттім.
Енді бұл жазбаны не үшін жазып, анау томдарды не үшін ақтардым. "Бабалар сөзі" мен үшін үлкен бір әлем. Оқыңыздар. Ол біздің фольклортанушылардың үлкен еңбегі. Оқымай жатып, "Бабалар сөзі" де жетісіп тұрған жоқ, анандай екен, мынандай екен " деген артық пікір айтпасақ екен. Тұтас бір ұжымның еңбегін жоққа шығара салуға, құнсыздандыруға болмайды ғой. Жалпы еңбекті құнсыздандыру әдетінен арылсақ екен. Сосын осы парақшада Әлияны қорлауға, "Салт- дәстүр сөйлейдіні" шығарушыларға ғадауат айтуға жол бермеймін. Ондай пікірді бірден өшіремін. Өшпенділік сипаттағы пікір қабылданбайды. Себебі менің түпкі ойым, жазғыру емес, оқырмандарым біле жүрсе деген мақсаттан туды. Рахмет!
Айнұр Төлеу, ақын, журналист