Әлназарова: Дәрігерлерге шабуыл – қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер

Бүгін, 13:18 / Қайсар Қалам

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook парақшасында қазақстандықтарға үндеу жасап, медицина қызметкерлеріне жасалып жатқан шабуылдарды қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіп деп атады.

«Құрметті қазақстандықтар, сіздерге перзентханада медбике, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде дәрігер, кезекші және ординатор болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатамын: медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар! Өздеріңіздің балаларыңызды, ата-аналарыңызды, жақындарыңызды құтқарып жатқан дәрігер мен медбикенің бастан өткеретін қорлығы мен қорқынышын, дәрменсіздігін елестету мүмкін емес. (…) Мұндай әрекеттер тұрмыстық жанжал емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде бағалануы тиіс», – деп жазды Әлназарова.

Министр өз үндеуінде Қарағанды мен Қостанайда бір күнде орын алған екі жағдайға алаңдаушылық білдірді.

«Қарағандыда жеке клиниканың медбикесіне шабуыл жасалды. Ал Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургіне ауыр соққы жасалды. Пациент кезекті күткісі келмегендіктен дәрігерді ұрып жіберіп, ол есінен танып қалды. Қазір дәрігер жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы – ауыр», – деді министр.

Әлназарова: «Күн сайын адам өмірін құтқаратын жанға қол көтеру үшін қандай дәрежедегі қатігездік пен агрессияға бару керек?» – деген сұрақ қойды.

«Бейбіт заманда дәрігерлердің жұмыс орнында өміріне қауіп төніп тұрғаны – өте өкінішті. Бұл ақылға сыймайтын әрі мүлде жол беруге болмайтын жағдай», – деп қосты министр.

Мәселені шешу үшін министр шұғыл түрде кезек күтетін қабылдау бөлімдерінде, балалар және перинаталдық орталықтарда тәулік бойы күзет қоюды күшейтуді ұсынды. Сонымен қатар, ол медицина қызметкерлеріне деген алғыс айту мәдениетін қалыптастырып, еңбегіне құрметпен қарауды тәрбиелеу маңызды екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, 17 шілдеде Қостанай облысында дәрігерге пациент шабуыл жасап, ол жансақтау бөліміне түскен еді. Кейінірек дәрігерге қол көтерген күдіктінің ұсталғаны хабарланды.
 

Тэгтер:

министр қоғам медицина шабуыл тәртіп Ақмарал Әлназарова