Ақ үй бейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың аяқтарындағы ісіктерге байланысты созылмалы веналық жетіспеушілік (ХВН) диагнозы қойылғанын хабарлады. Бұл туралы президенттің емдеуші дәрігері Шон Барбабелланың медициналық меморандумы жарияланды.
Қауіпті емес, бірақ бақылауды қажет етеді
Барбабелла Трампқа жасалған кешенді медициналық тексеру терең көктамыр тромбозы сияқты ауыр ауруларды жоққа шығарғанын мәлімдеді.
«Аяқтың төменгі бөлігіндегі веналарға жүргізілген допплерография нәтижесінде созылмалы веналық жетіспеушілік анықталды. Бұл – 70 жастан асқан адамдар арасында кең таралған және қауіпсіз деп саналатын жағдай», – делінген ресми мәлімдемеде.
Созылмалы веналық жетіспеушілік дегеніміз не?
Бұл диагноз веналар жүрекке қан айдай алмай қалған кезде қойылады. Соның нәтижесінде қан аяқта тұрып қалады, әсіресе тобық пен табанда ісіну пайда болады. Басқа белгілерге ауырсыну, аяқтың шаршауы, жансыздану немесе варикоздық тамырлар жатады. Ауыр жағдайда трофикалық жаралар да пайда болуы мүмкін.
Себептері қандай?
Аяқ веналарындағы қақпақшалар зақымдалған кезде қан кері аға бастайды. Бұған келесі факторлар әсер етуі мүмкін:
Қан ұйып қалуы (тромбоз)
Веналардың қабынуы (флебит)
Артық салмақ
Ұзақ уақыт отыру немесе тік тұру
Қалай емделеді?
Кливленд клиникасының мәліметінше, емдеу мынадай тәсілдерді қамтиды:
Компрессиялық шұлық кию
Аяқты жоғары көтеріп отыру
Артық салмақтан арылу
Жаяу жүру секілді белсенді жаттығулар жасау
Ауыр жағдайларда – дәрілік препараттар мен медициналық процедуралар
Дәрігерлер аяқтың ісінуі жүрек, бүйрек немесе қан тамырларындағы басқа да ауыр аурулардың белгісі болуы мүмкін екенін ескертіп, мұқият тексерістен өтуді ұсынады.
Ақ үйдің мәлімдеуінше, Трамптың жағдайы тұрақты, алайда дәрігерлер оның денсаулығын жіті бақылап отырады.