Маңғыстау облысындағы «ҚазАзот» АҚ өндірістік алаңында техникалық апат орын алып, салдарынан төрт жұмысшы зардап шекті. Олардың екеуі күйік жарақаттарымен жансақтау бөлімінде жатыр, ал қалған екеуі травматология бөліміне жатқызылған. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«18.07.2025 жылы сағат 14.47 шамасында "ҚазАзот" АҚ өндірісінде техникалық авария орын алды. Оқиға орнында 4 адам зардап шегіп, барлығына барлығына термиялық күйік диагнозы қойылды. Оның 2-і жансақтау бөліміне, қалған 2-і травмотологиялық бөлімге жатқызылды. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ҚР бас реаниматологы мен күйік жарақаттары бойынша жетекші мамандар шақыртылды», - деп хабарлады әкімдік.
Бүгінде зардап шеккен жұмысшылардың жағдайы бір қалыпты. Барлық қажетті көмек көрсетілуде. Жағдай облыс басшылығының бақылауында.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше кәсіпорын жұмысшылары отпен жұмыс істеу жұмыстарын тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдемей орындаған.
«Оқиға жабық кеңістікте отпен жұмыс жүргізу кезінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы оқиғаға себеп болуы мүмкін. Анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы – «Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» қылмыстық іс қозғалды», - деді әкімдік.
Компания тарапынан запдап шеккен отбасыларға қажетті көмек көрсетіледі. Бұл шара да әкімдіктің бақылауында.