Ильхам Әлиев: AZAL ұшағының құлауы бойынша халықаралық сотқа жүгінеміз

Бүгін, 11:36 / Қайсар Қалам
Сурет: 1news.az

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтауға жақын маңда AZAL компаниясына тиесілі Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына қатысты Ресейден жеті ай бойы ресми жауап болмағанын айтты. Бұл туралы ол III Шуша ғаламдық медиафорумында мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Әзербайжан не болғанын түгелдей біледі және оны дәлелдей алады. Ол Ресей тарапын кінәні мойындап, ұшақты атып түсіргендерге жаза қолданып, қаза тапқандардың туыстары мен AZAL-ға өтемақы төлеуге шақырды.

Әлиевтің сөзінше, ұшақ екі рет шабуылға ұшыраған, фюзеляжында көптеген тесік болған, ал ішінде жараланған екі адам табылған. "Бұл шабуылды украин дроны жасады деген нұсқа – ақылға сыйымсыз", – деді ол.

Президент Ресей әуе кеңістігі шабуылдан кейін бірнеше минуттан соң ғана жабылғанын айтып, бұл әрекетті "Ковер" операциясымен байланыстырды. Әзербайжан Бас прокуратурасы Ресейдің Тергеу комитетіне бірнеше рет хат жолдаған, бірақ тек "тергеу жалғасуда" деген жауап алған.

"Біз ұмытпаймыз және әділеттің орнауын күтеміз. Халықаралық сотқа шағым әзірленіп жатыр, бұл ұзаққа созылуы мүмкін, бірақ біз дайынбыз", – деді Әлиев.
 

Тэгтер:

сот ресей ақтау ұшақ апаты AZAL ұшағы Ильхам Әлиев