Атырауда шілде айының басында хлор қосылған заттардан балалар жаппай уланған жекеменшік бассейннің басшысы ұсталды.
«Мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалды», — деп хабарлады облыстық прокуратура.
Оқиға демалушылар жиі келетін танымал орындардың бірінде болған. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бассейнде шомылғаннан кейін 15-тен астам адам зардап шеккен, олардың ішінде 13-і — бала. Үшеуі ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылған.
Куәгерлердің айтуынша, бір сәтте хлор иісі күрт күшейіп, бассейндегі су түсін өзгертіп, балалар жөтеліп, есінен танып, құлай бастаған. Ата-аналар үрейге беріліп, балаларды эвакуациялап, жедел жәрдем шақырған.
Алдын ала нұсқа бойынша, оқиғаға су тазартуға қолданылатын хлор реагенттерінің мөлшерін дұрыс есептемеу себеп болуы мүмкін. Мекеме басшысы техникалық ақау болғанын мойындады. Оқиғадан кейін бірден нысан уақытша жабылып, прокуратура мен ТЖД тарапынан тексеру басталды.
Қазір тергеу жалғасуда. Ол аяқталғанша, аквапарк басшысы үйқамақта болады.