Қытайдан контрабандалық жолмен келген 100 контейнер тауарға қатысты сот үкімі шықты

Бүгін, 09:28 / Қайсар Қалам
Видеодан скрин

Алматы қаласында Қытайдан Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелу және аса ірі көлемде жалған шот-фактуралар жазу дерегі бойынша қылмыстық іске қатысты үкім шықты.

Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тергеді.

"Тергеу нәтижесінде «Group of the Companies TDA» ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз жолмен кіргізгені анықталды. Сонымен қатар, бұл компанияға қарасты 10 ЖШС арқылы жалған шот-фактуралар жазылып, мемлекетке қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлемдер бойынша жалпы сомасы 10 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген",  - деп мәлімдеді ҚМА.

Сотқа дейінгі тергеу барысында бюджетке 643 миллион теңге қайтарылды. Сот санкциясымен жалпы құны 1,3 миллиард теңге болатын тауарларға және күдіктілерге тиесілі 300 миллион теңгенің мүлкіне (жер телімдері, көліктер, шатырлар және т.б.) тыйым салынды.

Сонымен қатар, бұл компаниямен байланыста болған 47 кәсіпорын өз еркімен есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 миллион теңге салық төлеген.

Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғалар мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, іске қатысы бар бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.
 

Тэгтер:

Қытай тауар контейнер контробанда