Бағанашылдағы балалар үйіне Президент әкімшілігінен комиссия барды

Бүгін, 15:18 / Қайсар Қалам
Фото: Президент әкімшілігі

Жуырда "Бағанашыл" ықшам ауданындағы балалар үйіне қатысты туындаған дауға байланысты Алматыға ҚР Президенті Әкімшілігінің комиссиясы келіп, жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіп жатыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президент Әкімшілігі кешегі оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізуді бастады. Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары және Ішкі саясат бөлімінің қызметкері аймаққа жол жүріп кетті», - деп жазды Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.

Балалар үйі “Бағанашыл” мекемесінің қызметіне қатысты жағдайды жан-жақты әрі объективті тексеру мақсатында Алматы қаласына ҚР Президенті Әкімшілігінің арнайы комиссиясы жіберілді.

Комиссия мүшелері тәрбиеленушілермен, мекеме басшылығымен және қызметкерлерімен, сондай-ақ білім беру жүйесінің өкілдерімен кездесті.

Тексеру барысында Президент Әкімшілігі өкілдері балалар үйіндегі тұрмыс және оқу жағдайымен танысып, мекеме ғимараттары мен онымен іргелес инфрақұрылымды аралап шыққан. 

Қазіргі таңда көшу туралы шешім қабылдауға байланысты құжаттар жинақталып, талдануда. Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты әлеуметтік және құқықтық кепілдіктердің сақталуына ерекше назар аударылады.

Тексеру балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау басымдығы негізінде жүргізіліп жатыр және жақын арада аяқталады.
 

Тэгтер:

балалар үйі президент әкімшілігі Бағанашыл