Димаш Құдайбергенге Қырғызстанның Халық әртісі атағы берілді

23 шілде, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзінен

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге Қырғызстанның Халық әртісі атағы берілді. Тиісті жарлыққа Садыр Жапаров қол қойды, деп хабарлады Akipress.org.

Басылымның жазуынша, Димаш Құдайбергеннің жаңа атағы туралы "Мейкин Азия" фестивалінің жабылу салтанатында белгілі болды.

Марапатты Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов табыстады.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген фестиваль қонақтарына концерттік бағдарламасымен өнер көрсетті.

Еске салсақ, 31 жастағы әншіге Қазақстанның Халық әртісі атағы 2023 жылдың қазанында, Республика күні қарсаңында берілген болатын.

Күні кеше Димаш Құдайберген Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы шипажайлы қала — Чолпон-Атаға келгені белгілі болды. Ол мұнда "Мейкин Азия" IV Халықаралық музыкалық фестиваліне қатысу үшін келді.

Қырғызстандық БАҚ 2013 жылы дәл осы фестивальдің алғашқы маусымында Димаш бас жүлдені жеңіп алғанын атап өткен.

«12 жыл өтті, енді ол алғаш жұлдызы жанған жерге қайта оралды», — деп жазды олар.

Тэгтер:

Димаш Құдайберген Қырғызстан Халық әртісі