Назарбаев әлемдегі ең бай адамдардың ондығына кірді

24 шілде, 2025 / Қайсар Қалам
фото: e-history.kz

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел көшбасшыларының (қызметтегі және бұрынғы президенттер мен премьер-министрлердің) ішіндегі ең бай он адамның қатарына енді.

Brand Vision агенттігінің мәліметінше, әлемдегі ең бай президент – Владимир Путин.

«Жылдық ресми табысы 200 мың доллардан аспағанымен, барлау қызметі мен журналистік зерттеулер оның 200 миллиард доллардан асатын байлықты жасырын түрде басқаратынын көрсетеді», – делінген агенттік хабарламасында.

Рейтингтің екінші сатысында – Бруней премьер-министрі Хассанал Болкиах. Оның жеке байлығы 50 миллиард долларға бағаланады.

Болкиахтың иелігінде 1800 бөлмелі сарай, 7000-нан астам люкс көлігі бар автопарк және алтынмен қапталған жекеменшік ұшақтар бар.

Үздік үштікті БАӘ премьер-министрі шейх Мұхаммед бин Рашид Әл Мактум (20 млрд доллар) қорытындылайды.

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев рейтингте 8-орынға жайғасқан. Басылым дерегінше, оның болжалды байлығы – 1–2 миллиард доллар аралығында.

«Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды дербес ел ретінде басқарған отыз жылға жуық уақыт ішінде елдің кеңестік республикадан мұнайға бай мемлекетке өтуіне жетекшілік етті. Нақты сандар белгісіз болғанымен, оның жеке байлығы банк секторындағы, жылжымайтын мүлік пен энергетика салаларындағы отбасылық үлестермен тығыз байланысты деп есептеледі. Оның ұзақ мерзімді билігі мен мемлекеттік кәсіпорындармен байланысы оның қаржылық әрі саяси ықпалын арттыруға әсер етті», – делінген мақалада.

Ал АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп бұл тізімде небәрі 9-орында тұр. Оның байлығы 5,1 миллиард доллар деп бағаланады.

Сондықтан бұл рейтингте орындар қандай өлшемдер бойынша берілгені түсініксіз болып отыр.

Тізімге сондай-ақ Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Махатхир Мохамад (3–5 млрд $), Италияның экс-премьері Сильвио Берлускони (7–8 млрд $), Чилидің бұрынғы президенті Себастьян Пиньера (2,7 млрд $), Марокко королі Мұхаммед VI (2,1 млрд $), Таиландтың экс-премьері Таксин Чинават (1,6 млрд $) енген.

«Бұл тізім жоғары лауазым мен орасан байлықтың қатар жүретінін дәлелдейді. Әлемнің ең бай президенттері мен премьер-министрлерінің бәрі бірдей байлықпен жолға шықпағанымен, олардың көбі ықпал, бақылау мен мүмкіндіктер арқылы байлығын еселей түсті. Мұнай, бизнес-империя немесе ұлттық инфрақұрылым болсын, бұл көшбасшылар билікті байлыққа айналдыра білді. Оңтүстік-Шығыс Азиядан Таяу Шығысқа, Африкадан Оңтүстік Америкаға дейін – саясаттағы байлық көшбасшылық пен ықпалдың тепе-теңдігін өзгертетін жаһандық құбылыс болып қала бермек», – делінген мақала қорытындысында.
 

Тэгтер:

Путин назарбаев байлар елбасшы