«Қазақша сөйлешник» деп кемсіткені үшін жаза бар ма?

24 шілде, 2025 / Кәмшат Тасболат
коллаж

​Бұған дейін елімізде «мәмбет» сөзін қолданып, азаматтардың ар-ұжданына нұқсан келтірген бірнеше адам Қылмыстық кодекстің 174-бабымен екі жылға шартты түрде сотталған еді. Бір жауапкер шағымданушыға 1 млн теңге көлемінде моральдық шығын да өтеп берген. Ал соңғы уақытта Facebook, Instagram, Threads әлеуметтік желілерінде әсіресе мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етіп жүрген азаматтарға қарсы «қазақша сөйлешник» деген айдар тағылып, бұл теріс, негатив сипаттағы сөз кеңінен қолданыла бастады. Егер «мәмбет», «калбит» сөздері кеңестік заманның теріс ұғымдары, сарқыншақтары болса, тәуелсіздіктің 34-ші таңында «қазақша сөйлешник» сияқты жаңа сөз пайда болды. Заңгерлер бұл қазақ халқын, тілін кемсіту сөзіне айналып үлгерді дейді. Ең қызығы, бұл сөзді алғаш рет өз жазбасында Кембридж түлегі, заңгер Ержан Есімханов қолданған екен. Бұл тұста этика мен мәдениет, құрмет пен сыйластыққа негізделіп құрылған Кембридж университеті заң саласын бітірген түлектерінің өз елдерінде мемлекеттік тілді талап еткен азаматтарға жаңаша айдар тағып жүргенінен хабардар ма екен? Англияда тұратын қазақ диаспорасы да бұл сөзді сынмен қабылдап отыр.  

«Ұятмен», «қазақша сөйлешник...» Кім қандай айдар тағады?

Соңғы жылдары желіде қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, тілі мен дінін, ділі мен ар-ұжданын қорғауға бағытталған әрекеттер түрлі заманауи «терминдермен» мазаққа айналып барады. Мәселен, Абай айтқандай, «Ұят кімде болса, иман – сонда». Өкінішке қарай, қазір әсіресе орыстілді шоу-бизнес өкілдері мен блогерлер қазақтың негізгі үш тәрбиелік ұстыны – «ұят болады, жаман болады, обал болады» сөздерін келеке етіп жүр. Тіпті, мемлекеттен қаржы алатын телеарналар мен сайттардан да, жеке инстаграм парақшаларынан да «Чемпионка ответила ұятменам», «Ұятмены-маргиналы, ваш выход», «Столичного ұятмена обсуждают в сети» дегендей тақырыптар та қойған. Тіпті, кей тұста алаяқты алаяқ деп атаудың орнына, «ұятмен» сөзін қолданған. Болмаса екеуі бір-біріне мүлдем сәйкес келмейтін кереғар ұғымдар.  

Айтпақшы, жақында Қытайда қазақ блогерімен болған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Жас блогер қыз Қытайда жүріп, метрода, көшеде жас жігіттерді әр жерінен ұстап, бірде қолын олардың санына қойып, бірде мойнына асылып, Қытай қоғамының наразылығын туғызған. Былайша айтсақ, нағыз «ұятмендер» Қытайда тұрады екен. Белсенділер полицияға шағым түсіріп, қазақ қызының қоғамдық тәртіп бұзып, адамдарды контент үшін рұқсатсыз түсіріп, мазақ еткені үшін жазалау керегін айтқан. Шынында да, қай елде болмасын бөтен адамға тиісу тек этикалық мәселе ғана емес, сондай-ақ кейбір елдерде қылмыстық жауапқа дейін жеткізетін харрассмент бабына да сәйкес жазаға тартылуы мүмкін кейс. Бұл тұста дәстүр бойынша блогер қыз елге оралған бойда «қазақ елінен кешірім сұраумен» құтылды.      

Ал атышулы «Магнум дауында» пайда болған «қазақша сөйлешник» сөзін тіптен орыстілді блогер, актерлардан бастап, ресейлік азаматтарға дейін оңды-солды қолданып келеді. Бұл сөз өз кезегінде әлеуметтік дүрдараздық туғызып отырған жоқ па? Қазақ аудиториясы бұл сөзді ауыр қабылдайды. Бұл орайда біз Кембридж түлегі, заңгер Е.Есімхановтың желіде жекесіне сауал қойып, заңгер ретінде бұл сөзге құқықтық баға беруін сұраған едік. Бірақ қазірше ол бізге жауап бермеді. Әйтсе де басы дауға қалған тұста қоғамдық резонанс пен кәнселлинг қаупі төнген соң, арнайы жазба қалдырған заңгер:

«Қазір мені қазақ тіліне қарсы құрметсіздік танытып, сөз сөйледі деп шын мәнінде жоққа шығармақшы. Олар менің Threads желісінде «Қазақшасөйлешники» терминін қолданғаныма наразы. Біріншіден, рас, бұл сәтсіз сөз болуы мүмкін. Бәріміз адамбыз ғой, қателікке бой алдырамыз. Бірақ мен мынаны түсіндіре кетейін, адамдардан ана тілін үйренуін сыпайы сұрап, оларға көмектесуге де болады ғой. Немесе «Қазақша сөйле» деп айқайлап, қорлауға да болады. Екіншіден, мен қазақша білмеймін, орысша ортада өстім. Бірақ репетитормен аптасына екі рет қазақ тілін үйреніп жүрмін», - деп, ақталған болатын.

Кейін заңгер «Как выучить казахский в Казахстане?» атты подкаст та түсіріп үлгерді.

Біз әлеуметтік желіде «қазақша сөйлешник» сөзі сіздің ар-намысыңызға тие ме» деген сауалнама жүргізген едік. Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі, «иә, бұл кемсіту, қорлау сөзі, хейтспич, онда жақтырмау, жек көру, алалау белгісі бар» деп жауап берді. Мамандар бұл «араздық тіліне келеді» дейді. Ал басқа желі қолданушылары «бұл сөзді жиі қолданбай ұмыту керек» деп отыр.

Заң не дейді? Кім қалай жазаланады?

Жақында BasQaru қоғамдық қорының жетекшісі, заңгер, сарапшы Марғұлан Ермағанбетұлы ІІМ-не «мамбич», «қазақша сөйлешниктер» сөздерін қолданған актер мен бір белгісіз блогердің әрекеттеріне құқықтық баға беру бойынша арыз түсірді.

 

Ең қызығы, қазақша әжептеуір сөйлейтін актер, ruslan_jaikbayev деген желі қолданушысы «сөйлешниктерді байланыссыз шахтада, алыс жерлерде жұмыс істетіп қою керек» деген сыңайда пікір білдірген.

Бірақ қоғамдық наразылық пен буллингке тап болған актер өз парақшасын жауып тынған. Заңгер Марғұлан Ермағанбетұлы:   

Бұл жерде қай түсінікті алсақ та, ол «калбит» болсын, «мәмбет» болсын, сол ұлтты, құндылықты дәріптеуші қазақтарды төмендету мақсатында тағылған айдарлар. Бұл сөздер кеңестік дәуірде пайда болған. Біреулер діни астары бар дейді. Бірақ «калбит», «чурки» деген сөздер Орталық Азия халықтарына қарсы бағытталған. Кейін бұл түсінік негатив сипат алып, Ресейде кірме ұлттарға қарсы айтылатын сөз боп кетті. Кейін «қазақша сөйлешник» деген сөз пайда болды, қателеспесем, Ержан есімді бір заңгер алғаш бұл сөзді өз жазбасында жазған. Әрине, мұндай кісілердің түсініктемесі мынандай ғой, өзі де, әйелі де, бала-шағасы да тек орыс тілінде өнімдер тұтынады екен. Сондықтан стратегиялық болашақта ондайлар қазақ тілінің үстемдік құрғанын қаламайтын сияқты. Өйткені жалпы барлық жерде қазақ тілінің тұтынушысы көп болса, оларға үлкен соққы емес пе? - дейді.

Марғұлан Ермағанбетұлының айтуынша, егер азамат өзінің шынайы болмысын жоғалтқысы келмесе, ол тілді міндетті түрде үйренер еді. Себебі тіл ұлттық болмыстың бет-бейнесі. Бұл орайда заңгер:

Тіпті болашақта заң аясында лингвистикалық сараптама жасап, «калбит», «мәмбет» сөздерінің ұлтты кемсіту, балағаттау ретінде ресми қабылдай ма, жоқ па, білмеймін. «Қазақша сөйлешниктер» деген сөзге заң аясында бап ретінде қарастыру да қиын болатын шығар. Бірақ азаматтық қоғам бұл ұғымды қазақ ұлтын төмендету, кемсіту деп қабылдауы керек. Түптің түбінде, демографиялық өсімнің арқасында бұл сөз оны айтушылардың өздеріне буллинг боп тиген кейстер баршылық. Мәселен, Магнум кейсі сол қатарда. Сондықтан алдағы уақытта бұлар бұл сөзді қолданбауға тырысады деп ойлаймын. Қоғамдық орындарда мұндай сөздерді қолданғандарға бәрібір бұл кері әсерін тигізіп, оның мансабына, өсуіне кедергі болады. Менің ойымша, азаматтарды Қылмыстың кодекстің 174-бабымен кімдердің жазаланғаны туралы көбірек ақпараттандыру керек. Сонда бәрі байқап сөйлейді, - дейді. 

Ал белгілі заңгер, қорғаушы Ләззат Ахатова:

Бұл балағат сөз емес. Бірақ тілді, сол тілде сөйлейтін адамдарды кемсіту деп бағалап, әкімшілік жаза қолдану керек деп есептеймін, - дейді.

Сондай-ақ, заңгер бұл сөздер Қылмыстық Кодекстің 174-бабына, Әлеуметтік кодекстің тиісті нормаларына сәйкес келетінін еске салады.