Ақтөбелік блогер Эммануэлла Наурызбаева мешітте қолайсыз жағдайға тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол орталық «Нұрғасыр» мешітіне барған кезінде белгісіз бір жігіттің жағымсыз қылығына куә болған. Блогердің айтуынша, сақалды ер адам оған интимдік жақындық үшін «бір реттік неке» (никях) ұсынған.
Кейін Эммануэлла бұл оқиғаның бейнежазбасын Instagram парақшасына жүктеді. Видеода ер адам мешіттің кіреберіс есігіне сүйеніп, неге қыздың неке қимай отырғанына таңданыс білдіреді.
Наурызбаева бұл жағдайдан кейін мешіт әкімшілігіне және құқық қорғау органдарына жүгінген. Тексеру барысында ер адамның психоневрологиялық есепте тұрғаны, ақыл-есі кем, «сары картасы» бар екені анықталған. Соның салдарынан ол қандай да бір зиян келтірсе де, заң алдында жауапкершілікке тартылмайды.
«Бәлкім, Алла мені осы жағдай арқылы басқаларды ескерту үшін жіберген шығар. Бұл адамның ақыл-есі дұрыс емес, арнайы есепте тұрады. Өкінішке қарай, мұндай адамдар біреуге зиян келтірсе де, жазаланбайды. Сондықтан одан аулақ жүріңіздер. Алла оның жүрегі мен санасын сауықтырсын», – деп жазды блогер.
Эммануэлла видеоны жариялау туралы шешімді имаммен сөйлескеннен кейін қабылдағанын, бұл – баршаға ескерту екенін атап өтті.