ҚР ТЖМ құтқарушылары әуе кемесінің фрагменттерін Алматы облысында анықтағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігі Отар елді мекені аумағында байланыс үзілген Қазақстан Республикасы Әуе қорғаныс күштерінің тікұшағына қатысты оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша іздестіру-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жалғастырып жатыр.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығында жүргізілген ғарыштық мониторинг барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің акваториясында майлы дақтың болуы мүмкін екендігі анықталды. ТЖМ құтқарушылар тобы шұғыл түрде аталған аймаққа шықты. Іздеу жұмыстары түнгі уақытта да жалғасты. Жұмыс барысында Қорғаныс министрлігіне тиесілі болуы мүмкін әуе кемесінің фрагменттері табылды», - делінген хабарламада.
Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары жұмыс істеуде. Арнайы жабдықтар пайдаланылуда: эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және суасты дрондары.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200-ге жуық адам, 40 бірлік техника, 15 су көлігі, 4 кинологиялық есептоп және 2 ТЖМ әуе кемесі тартылған.
Еске салайық, 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу кезінде ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, бортта 3 экипаж мүшесі болған.