Жаһандық мәселелерді шешуге жалпы жұрт мүдделі

26 шілде, 2025 / Arasha.kz
фото: pixabay.com

Әр мемлекеттің жоспар, мақсаты бөлек, мүддесі ерекше, дамуға қатысты қадамдары әртүрлі болғанымен, бірігіп шешуді, ынтымақтаса реттеуді қажет ететін мәселелері ортақ. Мұндай жаһандық мәселелердің шеңбері айқындалған. Әрі барша адамзатты алаңдатқан бұл түйткілдерді орынды тарқату кез келген елдің тұрақты дамуына серпін береді. Айталық біздің еліміз де әлемнің басқа мемлекеттері секілді Біріккен Ұлттар ұйымы  нақтылаған 17 тұрақты даму мақсатын негізгі бағдар етіп белгілеп отыр.

Жаһанның тұрақты дамуына ықпал ететін 17 бағыттың түпкі мақсаты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етуді көздейді. Осы бағыттағы іс-шаралардың көрсеткіштерін анықтап, жол көрсетуде БҰҰ, Әлемдік Банк, мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдары, Қоршаған орта мәселелері жөніндегі Ғылыми комитет секілді беделді де танымал халықаралық ұйымдардың зерттеулері мен сараптамаларының маңызы зор.

Қазақстанда да жаһандық мәселелерді жүйелі жолға қою ішін қолға алынған жұмыстар ауқымы кең. Бұл кешенді істердің басында ел Президентінің Жарлығымен қабылданған Тұрақты даму тұжырымдамасы тұрғаны мәлім. Тұжырымдаманы дайындауда еліміздің білікті мамандары мен сарапшылардың бірігуімен терең ізденістер жасалды.

Тұжырымдаманы дайындаудағы негізгі мақсат елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, соған орай экономикалық, саяси, әлеуметтік, экологиялық аспектілердің балансына қол жеткізуге мән берілгенін айта кеткеніміз жөн. Бүгінде елдегі ресурстарды тиімді пайдалану  көрсеткішін жыл санап арттыру, азаматтар өмірінің орташа ұзақтығын ұлғайту,  экологиялық тұрақтылық индексін біртіндеп өсіру, ішкі және сыртқы саясаттың табыспен іске асырылуын қамтамасыз ету бойынша іргелі жұмыстар қолға алынып, жыл өткен сайын жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

Тұрақты дамуға қол жеткізу шаралары бірнеше кезеңнен өтіп, бүгінде нағыз шегіне жетті. Айталық, тұжырымдама тәжірибеге енгізілген алғашқы жылдары БҰҰ-ның мақсат-жоспарына сүйене отырып тұрақты даму принциптерін барлық салаға енгізу, экономиканы әртараптандыру, технологиялық алға жылжуды жүзеге асыру сияқты қадамдар жасалды. Осы алғашқы іс-әрекеттердің дұрыс жүргізілуінің арқасында қол жеткен нәтижелер де көңілден шығуда.

Әсіресе, Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосуға бағытталған сындарлы әрекеттер, өмір сүру сапасын арттыру бойынша әлемдік көшбасшылар тәжіибесіне сүйену, табиғи ресурстарды орынсыз пайдалану салдарынан орын алатын шығындарды мейлінше қысқарту, елдің экологиялық тұрақтылығын жіті назарда ұстау алдыға қойған биік межемізге жақындата түсті. Қазіргі уақытта БҰҰ тарапынан белгіленген басымдықтарға көңіл бөле отырып, тұрақты даму бойынша қабылданған халықаралық өлшемге қол жеткізу басты мақсатымызға айналған.

Әрине, мұндай биік межеге тек мемлекеттік құрылымдардың әлеуетімен, белсенді қызметімен қол жеткізу мүмкін емес. Себебі мемлекеттік жобалар тек халықтың көңілінен шығып, көпшіліктің жалпы қолдауына ие болғанда ғана өміршең болатыны дәлелдеуді қажет етпейді. Осы тұрғыдан алғанда тұрақты дамуды көздеген тұжырымдама ел азаматтарының көкейіндегісін дәл тапқан, сонымен қатар, халықты бір мақсатқа біріктірген бірегей жоба болды десек шындықтан алыстай қоймаймыз.

Барша халықты тұрақты даму тұжырымдамасына ұйытуда бағдар етілген  негізгі принциптердің де дұрыс іріктелгенін уақыт дәлелдеді. Мәселен

көпшілікті тұрақты дамуға қол жеткізу үрдісіне тарту, оған сауатты саяси негіз жасау, дамудың негізгі көрсеткіштерін болжап, соған сай дер кезінде сындарлы жоспарлау, экономикалық прогреске ұмтылу мен ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру өз тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар,  ғылым мен білім берудің бәсекелестікті арттыру, халықтың денсаулық жағдайын, демографиялық ахуалын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау қызметін жетілдіру бойынша жасалған жұмыстар да нәтижесіз болған жоқ.

          Тұрақты даму мақсаттары бойынша іргелі істердің атқарылуына еліміздің жоғары оқу орындары белсенді атсалысып келеді. Әсіресе тоқсан жылдық тарихы бар, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының көшбасшысы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универитеті тұрақты дамудың 17 мақсатын үйлестіруде көптеген жоғары көрсеткіштерге қолжеткізді. Оны университет кітапханасында ұйымдастырылған маңыды шарадан-ақ аңғаруға болады. Кітапханада ең алдымен тұрақты дамуға серпін беретін міндеттер мен бағдарлар дәйектелген, осы жобада жоғары нәтижеге жеткен елдердің тәжірибе туралы тыңғылықты жазылған кітаптар жинақталып, көпшілікке таныстырылған. Қатысушылар тұрақты дамуға орай әлемнің озық елдерінде атқарылған іс-шаралармен танысып қоймай, сонымен бірге, басқа елдер мен Қазақстанның дамуындағы ізденістер мен іркілістерді сараптап, қорынтынды жасауға мүмкіндік алады.

          Бұған қоса, бұл көрмені елімізде Тұрақты даму тұжырымдамасына сәйкес қолға алынған бастамалар мен жобалардың, игі істердің жаршысы болды десек те қателесейміз. Себебі, көрмеде университет оқытушылары мен олардың тәлімгерлері тарапынан жасалған жаңашылдықтар туралы оқуға, жаһандық мәселелерді шешуге тырысқан жастардың мықты идеяларымен, батыл ұсыныстарымен танысуға мүмкіндік туды. Университеттің әр факультеті өзінің саласына қарай басымдықтарды таңдап, студенттер арасында ең озық ой, ұсыныс тастаған, ең терең зерттеу жасағандарын ынталандыру мақсатында түрлі сайыстар өткізгеніне де осы көрме барысында куә болдық.

          Расында, жастар – елдің болашағы. Мемлекеттің алға басуы, озық елдер қатарынан көрінуі де осы жастардың біліміне ғана емес, белсенділігіне тәуелді. Сондықтан, жаһанды алаңдатқан мәселелерді мемлекеттік құрылымдардың шеңберінде шешпей, маңызды істерге жастарды тарту әлдеқайда тиімді. Өйткені, жастар жаңаша ойлайды, оларға қиындық, кедергі деген мүлде жат түсінік. Мұны әлемдік түйткілдерді реттеуге қатысты ұсыныстарымен бөліскен студенттердің ой-пікірінен де анық байқауға болады. Ендеше, жастарды жақсы істерге жұмылдырып, жастардың потенциалын пайдаланудан қашпауымыз керек.