Ұлттық қауіпсіздікті қорғаудағы негізгі жұмыстарды үйлестіру Қауіпсіздік кеңесіне жүктелген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметі туралы там-тұмдап білетін қарапайым халық Қауіпсіздік кеңесіне қандай міндет жүктелгенін, бұл екі құрылымның қызметіндегі айырмашылықты білмей дағдарып жатады.
Шын мәнінде екеуінің мақсат, мүддесі бір. Ол – мемлекеттегі ұлттық қауіпсіздікті қорғаумен өзектес. Десе де, екеуінің жұмыс істеу әдісі мен құзыреті екі бөлек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттің бүтіндігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін мәселелермен тікелей айналысса, Қауіпсіздік кеңесі мемлекеттегі барша ұлттық қауіпсіздікті сақтауға әсері бар құрылымдардың жұмысын үйлестіруге, осы саладағы ортақ кемшіліктерді бірлесе талдап, бірігіп шешуге бағыт-бағдар нұсқайды.
Сәйкесінше Ұлттық қауіпсіздік комитетінде мемлекеттің құқықтық, саяси бүтіндігін заңдық тұрғыдан қорғайтын әскери, заң саласының мамандары топтастырылса, Қоғамдық кеңеске халықты соңына ілестіре алатын, жалпы жұртшылыққа танымал, қоғамдық істердің бел ортасында жүретін, елге сыйлы, беделді азаматтар таңдалады.
Қауіпсіздік кеңесі – кез келген тәуеліз мемлекеттің тірегі. Бұл құрылымды Президент елдегі ішкі тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту, сондай-ақ еліміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етіп, халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында құратыны белгілі. Ұлттың қауіпсіздігі мен қорғаныс қабылетін жетілдіруге жауапты бұл құрылым конституциялық орган мәртебесіне ие екенін де айта кету орынды. Сонымен бірге бұл құрылым –Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізетін конституциялық орган болып табылады.
Кеңес тарихы еліміздің тәуелсіздік алған кезімен тұстас. 1991 жылы 21 тамыздағы Президент Жарлығымен Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік Кеңесі құрылған еді. 1993 жылғы 17 маусымда бұл құрылым Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі болып қайта жұмысын жалғастырды..
Маңызды құрылымның жұмысы 2018 жылы 5 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңына сай жүргізіледі. Мұнда аталмыш құрылымның құқықтық мәртебесі мен құзыреті, сонымен қатар қызметін ұйымдастыру механизмі көрсетілген.
Қауіпсіздік кеңесінің беделінің биік, мәртебесінің жоғары болуының мәні бар. Себебі бұл конституциялық органның басында Мемлекет басшысы тұрады. Президенттің өзі жетекшілік етіп, үнемі назарында ұстап отырған соң, Қауіпсіздік кеңесінде тек ел мүддесіне, ұлт болашағына, халықтың ұлттық құндылығына қатысты ең өзекті, ең маңызды мәселелер қаралып, ұзаққа созылмай шешімін табады. Міне, сондықтан да Қауіпсіздік кеңесіне өтініш-тілегін жолдайтындар аз емес.
Қауіпсіздік Кеңесі елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашатын шешімдер мен ұсыныстарды әзірлеп қоймай, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіреді. Осы мақсатта әзірленген стратегиялық құжаттардың орындалу жай-күйін мониторингтеу, жұмыстарды бағалау да кеңес құзырында. Бұл құрылымға заң, құқық, саясат, экономика саласындағы білікті сарапшылар шоғырланған. Олар ұлттық қауіпсіздікке қатыты мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобаларын, саяси бастамаларды дайындап, елдегі қалыптасқан жағдайға, әлемдік және өңірлік үрдістерге кешенді талдау мен бағалау жүргізеді. Ағымдағы ахуалға сауатты жасалған мониторинг ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қатерлерін дәл болжауға, қателіктердің алдын алуға, болашаққа бағдар болар ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік береді.
Мұны Қауіпсіздік кеңесінің жыл ішінде бірнеше рет өтететін отырыстарынан да аңғаруға болады. Кеңес отырыстарында ағымдағы мәслелер көпшілік назарына ұсынылып қоймай, сандар мен деректердің сарапталуы, түйткілді сауатты реттеуге жол ашуда.
Кеңес мүшелері елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік органдардың жұмысын қадағалауды да өз міндетіне алған. Соған сәйкес, осы қадағалау шеңберінде мемлекеттік органдардың ұлттық қауіпсіздікті сақтау саласындағы заңдарды орындауына, қаражаттың тиімді жұмасуына да бақылауды Кеңес жүргізеді.
Ұлттық мүдде басты орында тұрғандықтан, орталық және облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадағы жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына үміткерлерді іріктеп, ұсыну да Қауіпсіздік кеңесінің міндетіне кіреді. Сондықтан, Кеңес ел тізгінін қолға алатын мамандардың білімі мен білігіне ғана емес, көпшілікпен араласу, ұлтты сүю, елдегі татулық пен бірлікті сақтау, ұлттар арасындағы достықты нығайту қабылетіне қарап лайықты лауазымға бағыттайды.
Жоғарыдағы заңның нормаларына сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесінің және Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қызметі республикалық бюджеттің еебінен қаржыландырылады. Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты Президент әкімшілігінің құрамына кіреді. Соған орай кеңес өз қызметі барысында тікелей Қазақстан Республикасының Президентіне бағынып, оның алдында есеп береді. Мұндағы маңызды тұлғаның бірі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы. Оны Президент қызметке тағайындап, қажет кезде қызметтен босатады.
Бүгінге дейін Қауіпсіздік кеңесінің аппаратын елге белгілі қоғам қайраткерлері басқарды. Бұл құрылымның танымалдығын арттырып, алмағын арттырған да сол ірі тұлғалар. Олардың қатарында ел ерекше сыйлайтын Болат Баекенов, Төлеген Жүкеев, Балташ Тұрсымбаев, Марат Тәжин, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Омархан Өксікбаев, Болат Өтемұратов, Қайырбек Сүлейменов, Қайрат Қожамжаров, Әділбек Жақсыбеков, Нұрлан Ермекбаев, Әсет Исекешев, Ғизат Нұрдәулетовтердің есімі ерекше аталады. Қоғамның бет-бейнесіне, алтын арқауына айналған бұл азаматтардың барлығы ісімен елге танылған, беделімен Қауіпсіздік кеңесінің танымалдығын арттырған бірегей тұлғалар. Олардың қай-қайсының болсын мемлекеттік қызметте, халықпен етене араласа жүріп атқарған қызметі ерен. Міне, осындай халықшыл тұлғалардың арқасында Қауіпсіздік кеңесінің беделі биік, жұмысы нәтижелі.