Ақтөбеде блогер қыз мешітке барғанда сақалды ер адамның интимдік ұсыныс жасағаны туралы видеосы желіде тараған болатын. Аталған жайтқа қатысты полиция шара қолданғандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Айта кетсек, жәбірленуші қыз жариялаған видео бұған дейін әлеуметтік желілерде кең тараған. Видео авторының айтуынша, ер адам оның мешіттен шығуына мүмкіндік бермей, "бір реттік неке" ұсыну арқылы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлемек болған.
Полиция мәліметінше, оқиға "Нұр Ғасыр" мешітінде болған.
"Ер адам табылып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабының 2-бөлігі — "Қоғамдық орындарда тиісу" бойынша жауапқа тартылды. Аталған баптың 2-бөлігі ер адамның бұған дейін де қоғамдық жерде адамдарға тиіскенін білдіреді. Бұл құқықбұзушылық үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған", - деп хабарлады ПД.