Оқу енді әлдеқайда жайлы болмақ: Алматыда тағы екі заманауи мектеп есігін ашты

Бүгін, 09:54 / Arasha.kz

Алматы қаласында әрқайсысы 1500 оқушыға арналған екі жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Бұл нысандар Алатау ауданының Акбулак шағынауданында және Бостандық ауданының Левитан көшесінде орналасқан. Аталған нысандар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында бой көтерді.

Жаңа мектептер қауіпсіздік, цифрлық жабдықталу, энергия үнемділігі және инклюзивтілік сияқты барлық заманауи талаптарға сай келеді. Олар жаңа оқу жылының басында оқушыларды қабылдай бастайды. Бас мердігер - "BCN Group" ЖШС ("Bazis Construction") - болашақ оқушыларды жаңа оқу орындарының сапасы мен жайлылығына көз жеткізу үшін Ашық есік күніне шақырды.

Акбулак шағынауданындағы мектеп №154 мектептің ескі ғимаратының орнына салынды. Соңғы жылдары бұл оқу орны үш ауысыммен жұмыс істеп, апатты жағдайда болған. Осыған байланысты ескі ғимарат бұзылып, оның орнына заманауи білім беру стандарттарына сай жаңа мектеп тұрғызу туралы шешім қабылданды.

Жаңа мектепте жаратылыстану ғылымдары, робототехника және STEM бағыттары бойынша тереңдетіп оқытуға арналған цифрлық кабинеттер мен зертханалар, кітапхана, асхана, акт және спорт залдары, оқушыларға арналған жеке шкафтар бар. Аулада ойын және спорт алаңдары орналастырылған. Ғимарат бейнебақылау жүйесімен, дабыл батырмаларымен жабдықталған және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін толық бейімделген.

Бостандық ауданындағы Левитан көшесінде орналасқан мектеп те оқушыларды қабылдауға толық дайын.

"Нысан сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілді. Біздің компанияның "Келешек мектептері" жобасына қатысуы - үш ауысымды оқытуды жоюға, апатты мектеп ғимараттарын ауыстыруға және ондаған мың оқушыға арналған заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға жол ашады деп мақтан тұтамыз", - деді "BCN Group" ЖШС ("Bazis Construction") өкілі Саид Алиев.

Экскурсия барысында құрылыс компаниясының өкілдері зертханалар, робототехника кабинеттері, спорт және акт залдары мен басқа да мамандандырылған бөлмелердің жабдықталуын көрсетті. Ата-аналар мен балалар мектептің жайлылығы, техникалық жабдықталуы мен сәулеттік шешімдеріне жоғары баға берді.

"Менің екі ұлым бар: бірі бірінші сыныпқа, екіншісі жетінші сыныпқа барады. Біз жеке мектептен ауыстық. Шын мәнінде, мен мектептің ауқымы мен деңгейіне таңғалдым. Бұл шынымен де заманауи, кең, ойластырылған инфрақұрылымы бар оқу орны. Бұл жай ғана ғимарат емес – бұл оқу мотивациясы. Үлкен ұлым сыныптарды көріп: "Анашым, мен осы жерде оқығым келеді!" – деді. Мұндай жағдайлар шабыттандырады. Осы жобаның сапалы білім ортасын қалыптастыруына үлес қосқан құрылысшыларға алғысымды білдіремін", – деді болашақ оқушылардың анасы Аида Мамырбек.

"Мектеп осындай заманауи болады деп елестете де алмадық. Мұнда бәрі бар – робототехника кабинеттері, қуатты компьютерлер, жайлы кітапхана, ауыз су фонтаншалары және тіпті кинофильмдердегідей шкафтар! Біз оқу жылының басталуын асыға күтеміз", – дейді болашақ оқушылар Жанель мен Жанерке.

"Бүгін біз ұлымызды оқытуды жоспарлап отырған мектеппен танысуға қуана келдік. Бізді сыныптарға апарып, жабдықтарды көрсетті – бұл тамаша әсер қалдырды. Қазір біз акт залындамыз, мұндай жағдайлар әрбір университетте бола бермейді. Барлығы жан-тәнімен жасалғаны көрініп тұр: сапалы, заманауи, балаларға ыңғайлы. Осы жобаның жүзеге асуына үлес қосқан баршаға алғыс білдіремін!" – деді болашақ бірінші сынып оқушысы Амирханның әкесі Асхат Аралбаев.

Химия пәнінің мұғалімі Нұрбақыт Қайратқызының айтуынша, құрылысшылар тек ғимарат салып қана қоймай, шығармашылыққа, тәрбиелеуге, жаңа технологияларды игеруге және балалардың жан-жақты дамуына арналған жайлы орта құрды.

Белгілі болғандай, "BCN Group" ЖШС ("Bazis Construction") қазіргі уақытқа дейін 6 мектепті пайдалануға берді, ал Қазақстанның түрлі өңірлерінде салынып жатқан тағы 10 мектеп 1 қыркүйекке дейін ашылады. Жалпы алғанда, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ тапсырысы бойынша елімізде жалпы сыйымдылығы 29 500 орын болатын 16 мектеп салынып жатыр.

Тэгтер:

BCN Group Bazis Construction Bazis