Қазақстанда банк реквизиттерін үшінші тұлғаларға беру қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні заң жүзінде бекітілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Қылмыстық кодекске 232-1 жаңа бабы енгізілді. Бұл бап өз банк реквизиттерін үшінші тұлғаларға беру, сондай-ақ үшінші тұлғаның мүддесіне немесе пайдасына материалдық сыйақы, мүліктік пайда алу немесе оны алу ниетімен төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады», – деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігі.
Аталған бапқа сәйкес, өз банк шоты, төлем құралы немесе сәйкестендіру құралына үшінші тұлғаны заңсыз қол жеткізуге ақылы түрде рұқсат бергендерге 160 айлық есептік көрсеткішке (629 120 теңге) дейін айыппұл салынады.
Бұл жаза қоғамдық жұмыстармен немесе 50 тәулікке дейінгі қамауға алумен, мүлікті тәркілеумен алмастырылуы мүмкін.