Беларусь хакерлері Ресейдің «Аэрофлот» компаниясына шабуыл жасады

28 шілде, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзінен

«Аэрофлот» әуекомпаниясы ақпараттық жүйелеріндегі ақауға байланысты шамамен 50 жұп рейсті тоқтатуға мәжбүр болды. Кейінірек бұл жағдайдың себебі хакерлік шабуыл екені белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тоқтатылған рейстер қатарында Мәскеу – Астана, Мәскеу – Минск, Мәскеу – Ереван бағыттары, сондай-ақ Ресейдің өз ішіндегі — Санкт-Петербург, Калининград, Сочи және Қазан қалаларына бағытталған рейстер бар. Астананың халықаралық әуежайының таблосында Мәскеуден Астанаға (қонуы 17:25-ке жоспарланған) және Астанадан Мәскеуге (ұшуы 18:25-ке белгіленген) екі «Аэрофлот» рейсінің тоқтатылғаны көрсетілген. Компанияның ресми сайтына кіру мүмкін болмай тұр.

Ақауға хакерлік шабуыл себеп болғанын Ресейдің Бас прокуратурасы растады. Бұл іс бойынша компьютерлік ақпаратқа заңсыз қол жеткізу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шабуылға Silent Crow тобы мен беларусьтік «Киберпартизаны BY» қауымдастығы жауапкершілік алғанын мәлімдеді. Олар бір жыл бойы «Аэрофлоттың» ішкі жүйелеріне қол жеткізе алғандарын және барлық деректер базасын жүктеп алғандарын хабарлады.

Осы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі де пікір білдірді. Министрлік: «әуекомпанияның сендіргені бойынша», бұл техникалық ақау халықаралық рейстерге, соның ішінде Қазақстан бағытындағы ұшуларға әсер етпейді деп мәлімдеді.

Атап айтқанда, Мәскеу – Астана – Мәскеу бағытындағы SU1962/1963 рейстері тоқтатылған, бұл туралы жолаушыларға ескертілген. Олар «Аэрофлоттың» келесі SU1914/1915 рейсімен жіберіледі. Минтранс жолаушыларға өз рейстерінің мәртебесін бақылап отыруды ұсынды.

Айта кетейік, шілде айының ортасында Қазақстанда 16 миллион азаматтың деректері тараған ірі дерекжай ағып кетуі бойынша түсініктеме берген Премьер-министр Олжас Бектенов бұл жағдайға медициналық ұйымдар себеп болуы мүмкін екенін айтқан болатын.
 

Тэгтер:

ресей Аэрофлот беларусь хакер Silent Crow