Бүгінгі қоғамға керегі – жаңалыққа құштар ұстаз

29 шілде, 2025 / Arasha.kz
фото: Оқу-ағарту министрлігі/

Білім саласындағы жаңашылдық, яғни инновация – оқу мен тәрбиені жоғары деңгейде жетілдіру, білім сапасын арттыру мен оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында енгізіліп отырған жаңа идеялар, технологиялар, әдістер мен тәсілдер, - деп хабарлайды Arasha.kz.

Білім саласындағы жаңашылдық, яғни инновация – оқу мен тәрбиені жоғары деңгейде жетілдіру, білім сапасын арттыру мен оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында енгізіліп отырған жаңа идеялар, технологиялар, әдістер мен тәсілдер.

Осы тұрғыда бүгінгі білім ошақтарының білім деңгейі мен жаңашылдыққа бетбұрысын білу мақсатында Алматы қаласы, Медеу ауданы №172 мектеп-гимназиясының директоры Әлия Чормановамен (суретте) сұхбаттасқан едік.
– Әлия Сыбанқұлқызы, білім саласындағы бүгінгі жаңашылдықтар дегенде ойыңызға бірден не түседі?
– Жалпы «инновация» дегеннің өзі латынның innovatio – жаңару, жаңашалану деген сөзінен шыққан. Яғни жаңа әдістер мен тәсілдерді, бағдарламаларды тәжірибеге енгізу арқылы оң нәтиже мен өзгеріс жасау. Оны білім саласына енгізудің бірден-бір артықшылығы оқушылардың оқу мотивациясы мен қызығушылығын арттыруға бағытталған. Қазір қарасаңыз баланың бәрінің қолында гаджет. Тиіспесеңіз олар сол гаджетке телміріп таңнан кешке дейін отыруға бар. Телефонға байланған балалар қиын тақырыптар мен күрделі пәндерге басын қатырғысы келмейді. Олардың ойын бұру үшін жаңаша әдіс, жаңа қадам жасау керек. Соған орай сабақ барысында түрлі ойындарды, ЖИ технологиялары мен интерактивті тақталарды пайдалану баланың сабаққа деген ынтасын арттырса, екіншіден жаңа жағдайларға бейімделу дағдыларын дамытады. Соның ішінде цифрлық технологияларды енгізу: интерактивті тақталар,  онлайн платформалар, ЖИ элементтері баланы сабаққа қызықтырудың төте жолы. Одан бөлек STEM білім беру, Финляндия, Жапония, Сингапур тәжірибелерін енгізу, жеке оқыту, проблемалық оқыту, өмірлік дағдыларға негізделген білім берудің де тиімді тұстары баршылық. Формативті бағалау және критериалды бағалау жүйесі, жаңартылған білім мазмұны да жақсы нәтижеге жетуге ықпал етіп отырған заманауи мүмкіндіктер.
Бұл жаңашылдықтардың пайдалы жақтары өте көп. Мысалы, мен былтыр ғана тәжірибе алмасу мақсатында Жапония мемлекетінде іссапарда  болып қайттым. Сол жақта көріп келгенімді ақырындап іс жүзіне асырып жатырмыз. Мектебімізде әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі»  акциясы ұйымдастырылады, оқушылар өздері отырған парталарды тазалап жуып, оқу кабинеттерін ретке келтіреді. Мектеп ауласында артық қоқыс тастамауға, өзгенің еңбегін бағалауға жұмылдырылады. Бұл дегеніміз ең алдымен баланы еңбекке баулу болса, екінші жағынан тәртіп. 
Сондай-ақ COWORKING орталықтары ұйымдастырылған, ол жерде оқушылар кітап оқып, оқыған дүниесімен бөлісуге мүмкіндік алады. Екінші қабатта нағыз жәйлылық мекені дерсіз. Балалар бос уақытында тынығып, аяқтарын созып, тіпті жатып алып кітап оқуларына мүмкіндік жасалған. Акция жасау арқылы, үйлерінде артық немесе оқып болған кітаптарын алып келіп, алмасып оқыды. Мұның өзі оларды бірлікке, білімді бірлесе іздеуге шақырады деп ойлаймын. Әр жұма сайын оқушылар ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында қазақы ұлттық киімдерін кисе, қыздарымыз шаштарын келістіре өріп, мектептің көркін одан сайын келтіре түседі. 
– Бұл жаңашыл қоғамда мұғалімнің рөлі қандай, оларға қандай талап қойылады?
– Жаңашыл қоғамға керегі жаңашыл ұстаз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Менің ойымша, жоғары оқу орнын тәмамдап, ұстаздық жолды таңдаған әр маман өзінің қайда бара жатқандығын білуі керек. Ол жас ұрпаққа білім сыйлауға, біліммен қоса бойына тәрбиені де үйлестіруі керек екендігін сезінуі тиіс. Ал енді жаңашыл мұғалімге қойылатын талаптарға келер болсақ, ЖОО аяқтап, қолына дипломын алған маман бірден біліктілік тестін тапсырады, жинаған балына қарай педагог мәртебесін иеленеді. Тек осыдан кейін ғана мектепке жұмыс жасауға жарамды болады. Оның сыртында заманауи технологияларды меңгеру, шығармашылықпен жұмыс жасау, оқушыларды ізденімпаздыққа баулу, ата-ана, мектеп пен оқушы үштігін нәтижелі құра білу сынды критерийлар тағы бар. Жалпы мұғалім мамандығы қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мамандық қой. Бағана сөз басында өзім Жапония мемлекетінде іссапарда болып, біраз тәжірибені мектебіме алып келдім десем, одан бөлек біздің мектептен бірнеше мұғалім Сингапур мемлекетіне барып, білімдерін толықтырып келді. Осылай өз тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі форматта семинарлар ұйымдастырды. 
– Мұғалімдердің білімі қалай сараланады? Еңбек өтілінің әсері қандай? Жетістікке жетудің жолы қайсы?
– Өз тәжірибемнен айтар болсам, білімді адамға тосқауыл жоқ. Ол қай жерде де лидерлік қасиетке ие бола алады және алдындағы шәкіртін де солай тәрбиелейді. «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әр бес жыл сайын мұғалімдер аттестациядан өтетінін білесіздер. Ол жерде мұғалімнің білімін саралайтын тесттен бастап, бес жыл бойғы жетістіктері түгелдей қаралады. Шкала бойынша бағаланып, белгілі құжаттармен расталады. Содан кейін ғана біліктілік санаты беріледі. Бұл дегеніміз шынымен қарағанда тұнып тұрған еңбек, маңдай тер. Еңбек өтілі 30 жылдан асқан әріптестер ғана тест тапсырудан толыққанды босатылып, өздерінің жетістіктерін растауға мүмкіндік алды.  
Ал енді жаңашыл мұғалім қандай десеңіз, менің ойымша ол жай ғана білім беруші емес, ол – шабыттандырушы, бағыт көрсетуші, оқушының ойлау көкжиегін кеңейтуші бірден-бір тұлға дейтін едім. Ақпараттық технологиялардың өте қарқынды дамып жатқандығын көре отырып, басқа да қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттерді көре отырып, біздің бір орында тұрып қалуымызға болмайды. Цифрлық сауаттылықты күн сайын арттырып, онлайн платформаларды, соның ішінде Kahoot, Quizlet, Padlet, Bilimland сындыларды меңгеріп, күнделікті сабақты тиімді әрі қызықты етіп жүргізу маңызды. Қателіктен қорықпай, одан сабақ алу арқылы алға жылжу кезек күттірмейді. Ынтымақтастыққа негізделген оқытуды дамытып, әр баланың жүрегінен жылы орын ала білу – әр ұстаздың күнделікті жұмысындағы жазылмаған заңдылық. Міне сонда ғана, жаңашыл әрі креативті мұғалімді көре аламыз. 
Сөз соңында өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялаушы мамандық иелері, әріптестеріме шығармашылық табыстар тілеймін. Еңбектері зая кетпей, білім алған шәкірттері биіктерді бағындыра берсін!