Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдері туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Агенттік мәліметінше, қауіп барлық әлеуметтік топтарға: студенттерге, зейнеткерлерге, жұмыс істейтін азаматтарға, инвесторларға төнеді. Білім деңгейі немесе кәсіби даярлық адамның алаяқтықтан қорғалуын әрдайым қамтамасыз ете бермейді. Қаскөйлер әрекетін мұқият жоспарлап, әр адамға бейімдеп, әлеуметтік инженерия әдістерін кеңінен қолданады.
«Кең таралған әдістердің бірі — үрей туғызу. Азаматтардан дереу шешім қабылдауды сұрайды: “жедел түрде ақша аударыңыз”, “әйтпесе мүмкіндікті жіберіп аласыз”, “жедел түрде операцияны растау қажет”. Уақыт жоғалту немесе “пайдадан құр қалу қаупі” адамды жағдайды сын тұрғысынан бағалауға қабілетсіз етіп, автоматты түрде әрекет етуге итермелейді», — деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Тағы бір жиі қолданылатын әдіс — эмоция арқылы қысым көрсету. Алаяқтар қорқыныш, аяушылық немесе сенім сезімін пайдаланады. Мысалы, банктік шотыңыздан рұқсатсыз операция жасалғанын, өзіңіз немесе жақындарыңыз заң бұзғанын хабарлайды, “қиын жағдайға тап болған туысыңызға” көмек сұрайды немесе жеңіл табыс табуды ұсынады. Эмоциялық күй адамның ақылмен ойлауына кедергі келтіреді.
«Алаяқтардың құрбаны болмас үшін сергек болу маңызды: интернеттегі бейтаныс адамдарға сенбеңіз, жеке деректер мен карта мәліметтерін бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және ақпаратты әрқашан ресми арналар арқылы тексеріңіз. Күмән туындаған жағдайда, тіпті қоңырау шалған адам өздерін құқық қорғау органдарының, министрліктің немесе агенттіктің қызметкері ретінде таныстырса да, әңгімені тоқтату керек. Есіңізде болсын: ешқандай қаржылық немесе құқықтық мәселе телефон арқылы немесе мессенджерлерде шешілмейді», — деп ескертті агенттік.