Банктің де, микроқаржы ұйымдарының да несие үшін өндіретін үстемесі өте үлкен, - деп хабарлайды Arasha.kz.
«Қарыз күліп келіп, күңірентіп шығады» дейді қазақ. Әрине, өмір болған соң біреуден қарыз алатын, тығырыққа тірелгенде жақындарыңның көмегіне жүгінетін кез болады. Бірақ, қарызды уақытында қайтармасаң, жыртығыңды жабу үшін қайта-қайта ақша сұрасаң жақыныңа да жақпайсың. Мұндай «қарызға құмарлық» қаржылық сауаттың кемдігінен орын алады.
Қазіргі кезде қарыздың орнын несие алмастырған. Банктің жоғары талаптарына төтеп бере алмаған сұраншақ азаматтардың шама-шарқына қарамай микроқаржы ұйымдарына жүгініп, борышқа белшесінен бататын кезі көп. Банктің де, микроқаржы ұйымдарының да несие үшін өндіретін үстемесі өте үлкен. Бірақ, несие алуды тегін ақша алғандай жеңіл қабылдайтындар ертеңін ойламайды. Тек берешекті дер кезінде төлей алмай, банк, сот, жеке сот орындаушылар жан-жақтан қысқанда ғана бармағын тістеп, өкініп жатады. Сондықтан азаматтардың қаржылық сауатын арттыру, несие саясатына қатысты түсінігін өзгерту кезек күттірмейді.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңның қабылдануына да өзінің төлем қабылетін ескермей қомақты несие алып, қаржылық қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың көбеюі түрткі болды. Мемлекет несиесін қайтара алмай, шарасыз қалған азаматтарды қолдауға әрқашан дайын. Бұған дейін банктер мен қаржы ұйымдарын сауықтыруға, тығырықтан шығаруға көңіл бөлген еліміз жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты заңнамамен тұңғыш рет жұмыс істеп тұр.
2022 жылы 30 желтоқсанда қабылданған бұл заң көпшілік арасында қызу талқыланды. Пікір айтушылардың бір тобы жеке тұлғаларды банкрот деп танып, қолдау көрсету дұрыс десе, енді бірі есепсіз алып, ойсыз жұмсаған қаржыны халықтан жиналатын салықтың көмегімен реттеу орынсыз, «несие алды ма, қайтарсын!» деген ұстанымды құптайды.
Десек те, Қазақстанның Конституциясында мемлекеттің басты қазынасы адам, оның құқығы мен бостандығы деп анық жазылған. Ендеше, елдің басты байлығы саналатын азаматтарды қолдау, қорғау мемлекеттің бірегей міндеті. Осы тұрғыдан алғанда жоғарыдағы заңның қолға алынғаны құптарлық. Оның үстіне, бұған дейін банктер мен қаржы ұйымдарын банкрот деп тануға батыл қадам жасалғанын ескерсек, жеке тұлғаларды да қолдау зайырлы мемлекеттің басты қағидасы болуы тиіс. Бірақ, азаматтарды банкрот деп тануда қаржылық сауаттылықты арттыру, халықты қолдағы барын ұқсатуға, үнемдеуге дағдыландыру бойынша жұмыстар қатар жүргізілуі тиіс.
Айталық «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңының қабылдануын азаматтар қуана қабылдады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, елімізде 2023 жылы 77 380 адам, 2024 жылы 83 057 адам, 2025 жылдың үш айында 37 746 адам өзін банкрот деп тану туралы өтініш жазған. Сотқа дейінгі банкроттық процедурасын қолдануға өтініш бергендердің де қатары қалың. 2023 жылы мұндай тұлғалардың саны 8 255 болса, 2024 жылы 11 533 адамды, 2025 жылдың үш айында 2 366 адамды құраған. Осы есепті кезеңде сот банкроттығын тек бір адам пайдаланса, 2024 жылы 135 азаматтың, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 23 азаматтың банкрот деп танылғаны белгілі болып отыр. Бұған қоса, төлем қабілетін қалпына келтіру мүмкіндігін пайдаланғандар саны да аз емес. Мәселен 2023 жылы бұл әдісті 1 азамат қолданса, 2024 жылы олардың саны 13-ке жеткен. 2025 жылдың 3 айында төлем қабылетін қалпына келтіруді сұрап 17 адам өтініш білдірген. Осы қатардағы өтініш білдірушілердің көпшілігі қаржылық сауатының кемдігінен, өзінің табысын дұрыс жоспарлай алмағандықтан, ертеңгі күнін сауатты болжай алмағандықтан тығырыққа тірелген.
Сондықтан азаматтардың қаржылық білімін мектеп жасынан жетілдірген абзал. Сол арқылы халықты ақшаны басқаруға, табысын сауатты жұмсауға дағдыландырған орынды. Әрине, «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңның халыққа пайдалы екені рас. Бірақ бұл заң қаржылық қиындықтан толық шығудың шешімі емес.
Бұл заңда азаматтарды банкрот деп танудың үш түрлі әдісі бекітілген. Ақпараттық-насихат жұмыстарының арқасында халық соттан тыс банкроттықтың не екенін, сот арқылы банкрот деп танудың талаптарын, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінің қандай жағдайда қолданылатынын жақсы біледі. Ең бастысы, осы үш әдіс те тек қарыз алушының қалауымен қаралады. Борышкерге жаны ашып, қолдау көрсету ниетімен сотқа арызданып, банкроттыққа өтінім беруге ешкімнің құқығы жоқ.
Бүгінде соттан тыс банкроттыққа өтініш берушілер көп. Банкрот мәртебесін алудың негізгі талаптары заңда анық дәйектелген. Яғни, мұндай азаматтың банк, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешегі 1600 АЕК-тен аспауы тиіс. Бір айлық есептік көрсеткіш көлемі биыл 3 932 теңге болғандықтан, 2025 жылы берешек сомасы 6 291 200 теңгені құрағандар ғана соттан тыс банкроттыққа үміт ете алады. Сондай-ақ қарыздық міндеттеменің 12 ай ішінде төленбеуіне де мән беріледі. Борышкер мүлкінің жоқ болуы, банкпен берешектер бойынша жұмыс жүргізуі де назарда ұсталады.
Ал сот арқылы банкрот деп танылу борышкер азаматтың банктер мен қаржы ұйымдары, коллекторлар алдындағы қарыз көлемі 1600 АЕК-тен (6 291 200 теңге) жоғары болуы тиіс. Мұнда да қарыздың 12 ай ішінде төленбеуіне, борышкердің берешекті реттеу бойынша шаралар қолданғанына көңіл бөлінеді. Алдығы әдістен айтарлықтай айырмашылығы – сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады.
Банк, микроқаржы ұйымдарынан алған қарызы өзіне тиесілі мүліктің құнынан аспайтын борышкерлер тек төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдана алады. Бұл рәсім тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін 5 жылға дейін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін береді. Төлем қабылетін қалпына келтірген азаматтар «банкрот» деген мәртебе алмайды. Яғни, оларға банкрот үшін көзделген шектеулер қолданылмайды.
Мұндай мәселе туындамас үшін қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыстар бір сәт те тоқтамауы керек. Әр азамат қаржыны жоспарлауға, инвестициялауға, несиелік тәуекелдерден сақтануға, алаяқтықтан қорғануға және зейнетақыны басқару мәдениетін меңгеруге тиіс. Сонда ғана бізде табысы жоғары азаматтар көбейіп, банкроттыққа өтініш беретіндер қатары сирейді.