Қазақстанның Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңды жаңғыртуының астарынан да кәсіпкерлікті жандандыру, тұрғындарды кәсіпкерлікке ынталандыру, халықтың әлеуметтік қолдауға ие болуына алғышарт жасау сынды мәселелерді оңтайлы шешуге деген ынтасын байқауға болады, - деп хабарлайды Arasha.kz.
Салық саясаты – мемлекет дамуының қозғаушы күші. Елдегі экономикалық жағдайды реттейтін басты құралдың бірі болғандықтан, салық саясатының сындарлы жүргізілуіне, заңнамалардың заман талабына сәйкестігіне ерекше мән беріледі. Себебі бюджеттің дер кезінде, сапалы толықтырылуы, ел ішіндегі әлеуметтік теңдіктің сақталуы осы салық жүйесінің дұрыс реттелуіне тікелей байланысты. Қазақстанның Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңды жаңғыртуының астарынан да кәсіпкерлікті жандандыру, тұрғындарды кәсіпкерлікке ынталандыру, халықтың әлеуметтік қолдауға ие болуына алғышарт жасау сынды мәселелерді оңтайлы шешуге деген ынтасын байқауға болады.
Мемлекеттегі әр тұрғынның әлеуметтік, материалдық мәселесіне әсерін тигізетіндіктен, салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты талқыдан ешкім де шет қалған жоқ. Осы құжатты әзірлеу барысында шетелдегі озық тәжірибелерді зерделеумен қатар, халықтың пікірін, талап-тілегін біліп, ұсыныстарын айқындау мақсатында сауалнамалар жүргізілді. Сауалнамалар бойынша жасалған мониторинг халықты не алаңдататынын, азаматтардың неден қиналатынын, қандай түйткілдерді шешіп, нендей мәселелерге зер салу керектігін айқындауға көмектеседі. Міне, осындай зерттеу мен зерделеудің нәтижесінде сан түрлі сыннан, түзетуден, жөндеуден өткен салықтық өзгерістерге жақында Мемлекет басшысы қол қойып, құжаттың 2026 жылдан бастап қолданысқа енетіні бекітілді.
822 баптан тұратын бұл құжатта бизнес пен инвестицияларды барынша ынталандырып, экономикалық өсім мен өндірістің ұлғаюын қамтамасыз етуге мүмкіндік берілген. Мұндағы негізгі ұстаным елімізде табыс тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге және тұрақты салық төлеуге дағдыландыруға бағытталып отыр.
Жалпы әрбір түсімнен мемлекетке салық төлеудің заңдылық екенін азаматтар түсінуі, осы қағиданы басты бағдары етуі тиіс. Өйткені, салық мемлекетті дамытудың ғана емес, елдегі әлеуметтік осал топтардың қолдаудың қайнар көзі. Табысын жасырмай, заңға сай төлем төлеген кәсіпкерлер өзінің еңбегі, жетістігімен мемлекеттің гүлденуіне, азаматтардың жайлы өмір сүруіне тамшыдай болса да үлес қосып отырғанын сезінген абзал.
Жаңа кодекстің қолға алынуы жауаптылықты көтеруді, ел алдындағы міндет пен парызды түйсіндіруді мақсат еткенін түсіну қиын емес. Себебі, соңғы жылдары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2017 жылдан бері қолданылып келе жатқан заңның осал, оңтайлы тұстарын пайдаланған кәсіпкерлер табысын жасырып, салық төлеуден барынша жалтаруды әдетке айналдырған.
Мәселен Қаржы министрлігінің көрсетуінше 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы елдегі кірістер 5,6 трлн теңгені құраған. Көп нөлдер айтарлықтай әсер еткенімен, бұл құзырлы орган жоспарлаған межеден 20 пайызға аз. Осы кездегі шығыстар 10,7 трлн теңгеге дейін өскен, ал бұл жоспарлаған межеден 95 пайызға көп. Осындай теңгерімсіздік салдарынан бюджеттегі қаржы тапшылығы 50 пайызға жетіп отыр. Яғни, салықтың аз жиналуының салдарынан бюджеттің тапшылығы өсуде. Бұл мәселені дер кезінде заңды түрде реттемесе елде қаржылық қиындық туындап, мемлекеттің дамуы кері кетеді. Ал халық қызу талқылап, қолдаған жаңа Салық кодексі осы теңгерімсіздікті жолға қойып, ел қазынасының бүйірін томпайтады деген сенім бар.
Экономикалық сарапшы Алмас Чукиннің айтуынша, табысты көтеру үшін салықты көтеру керек. Бұл әлемде бар практика. Жалғыз біз емес, әлем осы бағытты құп көріп отыр. Экономикаға зиянын тигізбеудің жалғыз шешімі – қосымша құн салығын ең болмағанда 16 пайызға дейін көтерумен өзектес.
Жаңа заңнамада әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, табысы жоғары адамдардың көбірек салық төлеуін міндеттеп, әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер қарастыруын қарастырған. Соның ішінде кәсіпкерлерді табысын жасырмауға, салықты талапқа сай төлеуге міндеттей отырып, шағын және орта бизнес үшін жеңілдетілген режимдер, соның ішінде патент, оңайлатылған декларация режимін қарастырған. Микробизнес субъектілерін кей жағдайда салықтан босату тәртібі де ескеріліп отыр.
Салық кодексін жаңғыртумен бірге, салық саясаты бойынша қолға алынған игілікті істердің қатарына жаңа технология жетістіктерін де қосуға болады. Салық саласын әкімшілендіруде цифрландыру тетіктерін енгізу тұрғындардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Әсіресе E-Salyq Azamat, E-Salyq Business жобаларының тиімділігін қазірдің өзінде тұтынушылар жоғары бағалауда.
Мемлекеттік кірістер комитеті іске қосқан E-salyq azamat мобильдік қосымшасы жеке тұлғалардың салық міндеттемелеріне қатысты әртүрлі қызметтерді бір орталыққа жинақтаған. Қосымша ашық, жедел, оңтайлы болғандықтан, оған тіркелген, тұрақты қызмет алатындар қатары да жыл өткен сайын өсіп келеді. Ең бастысы азаматтар қазір үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ осы қосымша арқылы электрондық салық әмиянын онлайн толықтырып, пайдалана алады.
Сондай-ақ салық салу объектілері бойынша деректерді түзетуге де онлайн тапсырыс қабылданады. «Салық салу объектілері» сервисі қызметкердің жеке табыс салығынан бастап, зейнетақы жарналарының, міндетті әлеуметтік аударымдардың және медициналық сақтандыруға әлеуметтік аударымдардың сомаларын қарауға мүмкіндік береді. Ал «Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек» сервисі бір мезгілде берешекті төлеп қоймай, берешекті тексеруге жол ашады. Салық мөлшерін де енді «Калькулятор» сервисі арқылы есептеп, анықтауға болады.
Салық саясатындағы қызметтерді оңтайландыруда өзін-өзі ақтаған жобаның бірі - «E-Salyq Вuѕіпеѕѕ" мобильді қосымшасы. Бұл да ыңғайлылық, тиімділік тұрғысынан көпшілік көңілінен шығып отыр. Осы қосымша арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, бақылау-касса машинасының чектеріне тең келетін чектерді беру, кірістерді автоматты түрде есепке алуды жүргізу және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеу мүмкіндігі берілген. Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы кәсіпкерлер салықты және әлеуметтік төлемдерді есептеп, декларация беру бойынша міндеттемелерін оңай тексереді.