«Тіліңді тартып сөйле». Трамп Медведевке ескерту жасады

31 шілде, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзінен

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевке «байқап сөйлеуге» кеңес берді және оның тым алысқа кетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тиісті мазмұндағы жазбаны Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

«Үндістан Ресеймен не істесе де, маған бәрібір. Олар өздерінің өлі экономикасын бірге құрта ма – маған маңызды емес. Бізде Үндістанмен ынтымақтастық өте аз, олардың тарифтері тым жоғары, әлемдегі ең жоғарылардың бірі», – деп жазды Трамп.

Содан кейін АҚШ президенті әңгімесін Ресейге, нақтырақ айтқанда Дмитрий Медведевке бұрды.

«АҚШ пен Ресейдің арасында да бірлескен бизнес жоқтың қасы. Осы қалпында қалсын. Ал Медведевке – Ресейдің сәтсіз бұрынғы президентіне, өзін әлі күнге дейін президентпін деп ойлайтын адамға – сөзін бақыла деп айтыңыз. Өйткені ол өте қауіпті аймаққа аяқ басып барады», – деді Трамп.

Бұл – Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің мәлімдемесіне Трамптың жауабы. Медведев Трампты Ресейге ультиматум қойып отыр деп айыптап, АҚШ-қа қоқан-лоқы көрсетуге тырысқан. Ол «әрбір жаңа ультиматум – бұл тек Ресей мен Украина арасындағы соғыс емес, АҚШ-тың өз еліне төнетін қауіп» деп мәлімдеген.
 

Тэгтер:

Трамп ескерту Медведев