Алматыда ауыр жол апатынан кейін үш науқасқа дер кезінде және тегін медициналық көмек көрсетілмегені қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Бұл туралы журналист Диас Нұрақын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол ауруханалардағы жағдайды былай сипаттайды:
Жол апаты алты күн бұрын Алакөлден қайтып келе жатқан көліктің Қонаев маңында аударылуынан болған. Үш жолаушының үшеуі де ауыр жарақат алған – омыртқалары сынған. Жедел-жәрдем оларды бастапқыда Қонаевтағы ауруханаға жеткізген, бірақ туыстары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға ауыстырған. Ауруханаға келген соң бір науқасқа шұғыл түрде ота жасалған, бірақ қалған екеуі алты күн бойы ақылы бөлімде жатқызылып, тәулігіне 25 мың теңге төлеуге мәжбүр болған.
«Жағдайы тым ауыр науқастарға ешқандай медициналық көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Дәрігерлер операция жасау үшін әрқайсысынан кемінде 5 миллион теңгеден сұрап отыр», – дейді Нұрақын.
20 жастағы бір бойжеткен – Алматы тұрғыны, тіркеу бойынша №12 ауруханаға қарайды. Бірақ ол жақтан да көмек көрсетілмеген. №4 аурухана №12-ге сілтейді, ал №12 – қалалық денсаулық сақтау басқармасына.
«Білетін, танитын адамдардың бәріне хабарластым. Ешқайсысы селт еткен жоқ», – деп ашынады журналист.
Еске салсақ, Қазақстанда заң бойынша шұғыл жағдайда ауруханаға жеткізілген барлық азаматтар – тіркеуіне қарамастан – тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда бұл оқиғада заң талаптары орындалмаған.
«Бұл кісілер маған туыс емес. Досымның таныстары болған соң көмек сұрады. Бірақ бюрократияның батпағына батып қалдым», – дейді Нұрақын.
МРТ нәтижелерін тәуелсіз травматологтарға көрсеткен кезде, олар отасыз болмайтынын айтқан. Бірақ ауруханалар оны жоққа шығаруға тырысып, «бір ай төсекте жатса, сүйек өзі бітіп кетеді» дегенді алға тартқан. Журналист бұл жауапты «проблемалық пациенттен құтылу амалы» деп бағалап отыр.
Осы жағдайға қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
«Ақ халатты абзал жандардан адамгершілік күтіп едік, ақша сұраудан танбайды екен», – дейді автор.
Бұл жағдай – денсаулық сақтау жүйесіндегі жүйелі проблемалардың айқын көрінісі. Еліміздегі әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қаржылық мүмкіндігіне емес, Конституциялық құқығына негізделіп қорғалуы тиіс.