Шымкентте 17 жастағы қызды пышақтап, денесін қоқысқа тастап кеткен

1 тамыз, 2025 / Марғұлан Ақан
Фото: коллаж arasha.kz

Шымкент қаласында із-түссіз жоғалған 17 жастағы қыздың денесі табылды. Ол телеграмм желісіндегі "жұмыс бар" деген хабарландыру арқылы үй жинауға бармақ болған. Алайда бұл «жұмыс» оның өмірін қиды: күдіктілер оны 16 жерінен пышақтап, мәйітін қоқысқа тастаған. Қайғылы жағдай болғанына 10 күн өткенде ғана мәлім болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қыздың артында екі кішкентай қызы мен күйеуі қалды. Бұл жайлы ақпаратты қоғам белсендісі Ләззат Рақышева өз парақшасында бөлісті.

«Құрметті қыз-келіншектер! Көзі жетпей ешқандай жұмысқа бармаңыздар, бейтаныс көлікке отырмаңыздар! Телеграмм сияқты ашық платформаларда жарияланған ұсыныстарға сақтықпен қараңыздар», – деп ескертеді жазба авторы.

Қоғамда бұл жағдайға байланысты ашу-ыза мен қайғы басым. Әлеуметтік желі қолданушылары қыздың отбасына көңіл айтып, кінәлілердің жазасыз қалмауын талап етіп жатыр.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктілердің кім екені және оларды ұстау бойынша ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ.

Тэгтер:

қылмыс шымкент жоғалған қыз хабарландыру