Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі аясында 2025 жылдың 1 тамызында Бейбітшілік және келісім сарайында«Турин Кебіні» және «Қасиетті кітаптар» атты екі халықаралық рухани-мәдени көрме өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қос көрменің басты мақсаты – түрлі діни конфессиялардың тарихи және рухани мұрасын кеңінен таныту арқылы қоғамда дінаралық түсіністік пен өзара құрметті нығайту, сондай-ақ көрмеге келушілердің рухани-танымдық көкжиегін кеңейту.
Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрмеде ұсынылған артефакттер жай ғана тарихи жәдігер емес, адамзаттың рухани және мәдени мұрасын жеткізуші, ұлы оқиғалардың куәсі екенін атап өтті. Алда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі – Қазақстанның бейбітшілік, келісім мен гуманизм құндылықтарын берік ұстанатынын көрсететін маңызды халықаралық оқиғалардың бірі.
«Мұндай бірегей тарихи мұраларды сақтап, оларды терең зерделей отырып, біз өзара түсіністікке, рухани бірлікке және мәдени диалогқа негізделген берік болашақтың іргетасын қалай аламыз», – деді Аида Балаева.
Министр Қасым-Жомарт Тоқаевтың дін туралы айтқан пайымын еске алды. Президент халыққа жолдауында дін әрқашан білім беру қызметін атқарғанын және Құран, Інжіл, Тәурат және басқа да көптеген рухани кітаптар әрқашан гуманизм мен бейбітшілік идеяларына қанық болғанын атап өтті.
Конфессия өкілдері Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді сақтау ісіндегі ерекше рөліне тоқталды.
«Бұл көрменің Қазақстанда, дінаралық келісімге, бейбітшілікті насихаттауға құрметпен қарайтын елде ұйымдастырылғаны өте орынды. Осыған байланысты Қасиетті Тақтың атынан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдауы үшін зор ризашылығымды білдіремін», – деді Қазақстандағы Апостол Нунцийі, Архиепископ Георг Панамтхундила.
«Киелі жәдігерлер көрмесінің ел астанасында және еліміздің өзге де ірі қалаларында ұсынылуы – Қазақстанда діни бостандық бар екенін, түрлі діндер арасында жемісті ынтымақтастық қалыптасқанын, халқымыздың бірлігін нығайтуға деген ұмтылыстың барын көрсетеді. Көрменің сәтті өтуі – Қазақстан халқының руханиятына үлес қосып, мәңгілік құндылықтарға негізделген бейбіт даму жолын таңдаған елімізге Құдайдың берекесі болғай»,– деп толықтырды Астанадағы Әулие Мария Рим-католик архиепархиясының Архиепископ-метрополиті Томаш Бернард Пета.
«Турин Кебіні» көрмесі көпшілікті осы атақты археологиялық жәдігердің тарихы мен ғылыми зерттеулерімен таныстырады. Бұл бірегей жәдігер көне заманнан бүгінге дейін ғылыми қауымдастық пен қажылардың назарын аударып келеді», – деді Қазақстан Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр.
«Турин Кебінін көбіне «бесінші Інжіл» деп те атайды және христиан әлеміндегі ең қымбат жәдігерлердің бірі саналады. Сонымен қатар, бұл – қазіргі уақытта ең көп зерттелген объектілердің бірі. Қазақстанда аталмыш көрменің өтуіне үлес қосу – біз үшін үлкен мәртебе», – деп атап өтті «Kirche in Not» қорының атқарушы президенті Реджина Линч.
«Турин Кебіні» көрмесі –христиан әлеміндегі ең бағалы жәдігерлердің бірі. Аңыз бойынша, шамамен 2000 жыл бұрын шегеленіп тұрған Иса Мәсіхті түсіріп алып, денесін осы матамен ораған.
Айта кетейік, бұл экспозиция Қазақстанда алғаш рет көрсетілді. Көрмеде кебіннің дәлме-дәл көшірмесі мен 27 тақырыптық ақпараттық панель, сондай-ақ тарихи артефактілер, бейнематериалдар мен иллюстрациялық брошюралар ұсынылды.
«Қасиетті кітаптар» көрмесі әлемдік діндердің қасиетті жазбалары арқылы әртүрлі діни дәстүрлердің рухани негіздерін көрсетуге бағытталды. Экспозицияда қасиетті жазбалардың және түрлі діндер мен тарихи дәуірлерге қатысты сирек кездесетін қолжазбалардың 50 данасы ұсынылды.
Экспонаттардың ішінде VII ғасырдағы Құран қолжазбасы, XIX ғасырдағы сирек кездесетін Інжіл нұсқалары, Кенесары ханның Құран кітабы, Талмуд, Тора және басқа да киелі кітаптар бар.
Көрмелер 2025 жылдың 25 қыркүйегіне дейін жалғасады. Көпшілік түрлі діндердің рухани мұраларымен тереңірек танысып, адамзат тарихындағы діни жазбалардың мәдени, тарихи және рухани мәніне үңілу мүмкіндігіне ие болды.