Астанада танымал америкалық әнші, поп музыка стиліндегі әртіс Дженнифер Лопездің концерті өтті. Бұған дейін жергілікті билік өкілдері Джей Лоның концерті 15 000 шетелдік турист тартып, астанамызға 6,5 млрд теңге, ал мемлекеттік бюджетке 400 млн салық әкеледі деп болжаған еді. Астанадағы билет бағасы 40 000 мыңнан басталып, 200 000 мың теңгеге дейін барды. Астана-арена стадионына кемі 25 000 адам сыяды. Сондай-ақ, концертте Fan-zona аймағы ұйымдастырылудан бөлек, VIP-Standing орындары да болған. Яғни, концертке сахнаға жақын жерде тұратын орындар 180 мың теңгеден сатылған. Қазірше Астана әкімдігі елге қанша пайда түскені жайлы ақпарат таратпады. Бірақ әлемдік турне аясында өтіп жатқан концертке орай елорадада жалдамалы пәтер нарығы екі есеге қымбаттапты.
Бұдан бөлек танымал әншінің концерті 10 тамызда Алматыда өтуі тиіс. Астанадан кейін әншіні Ереван, Стамбұл, Ташкенттегі концерттер күтіп тұр. Әр екі күн сайын әр елдің астанасы не бас қаласында концерт беріп жүрген 56 жастағы әртістің күш-қайраты мен сахнадағы өнері көпшілікті таң қалдырды. Бірақ әр концертінің гонорары 1-3 млн доллардың аралығында болса, кім үйде жатады? Әлеуметтік желідегі пікірлер де қақ жарылды: бірі әншіні «тым ашық-шашық киінді, «outdated singers», яғни қартайып бара жатқан, алғашқы хит әндері осыдан ширек ғасыр бұрын шыққан әншілерді шақырудың не керегі бар» десе, екінші тарап «бұл латынамерикалықтарға тән мәдениет, әлемдік жұлдыздың келгені жақсы, әнші сторизінде «Астана, Қазақстан» деп бір ауыз сөзді жазуының арқасында еліміз таныла түседі» деп жазды. Айтқандай-ақ, Инстаграммда Джей Лоның 246 млн жазылушысы бар екен. Әнші өз парақшасында Астанадағы концерттен екі сториз салған.
Концерт қалай өтті? Джей Ло Зәуреге не деді?
Концерт қарсаңында шенеуніктер Қазақстан тарихында тұңғыш рет А санатындағы әлемдік әнші келе жатқанын, бұл өз кезегінде ивент-туризмнің дамуына оң әсер ететінін мәлімдеген еді. Шыны керек, концертте 15 мыңдай шетел азаматын байқамадық. Байқауымызша, негізінен астаналықтар мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген өз азаматтарымыз, ішкі туристер көбірек болды. Сондай-ақ, Ресей мен Қырғызстан азаматтарын көрдік.
Ресей демекші, Дженнифер Лопез санкция құрсауындағы Ресейде концерт беруден бас тартқан. Жалпы, халықаралық музыка бизнесінде жұмыс істейтін әншілер репутацияға қаяу түседі деп соғыс бастаған елге жоламауға тырысады. Ең қызығы, орыс БАҚ-тарына сенсек, ресейлік тарап әншіге 1 млн доллар төлейміз деп алдын-ала келісімшарт жасауға дейін барған көрінеді. Бірақ әнші Ресейде концерт берсе, Еуропа мен Америка, жалпы әлемдік деңгейде үлкен сынға ұшырайтынын ойлап, соңғы сәтті бұл ұсыныстан бас тартыпты. Лопез соғыс аяқталғаннан кейін Ресейде концерт беруден кетәрі еместігін де білдірген.
Қазір ресейлік БАҚ-тар «Қазақстанда концерт берсе берер, есесіне бұған дейін Ресейге Джей Ло 15 рет келген» деп аузын қу шүберекпен сүртіп отыр. Бір қызығы, бұған дейін әнші Ресейдегі Тельман Исмаилов сияқты олигархтардың жабық сауық кештерінде өнер көрсетіпті.
Айтпақшы, Мәскеу де кеңестік замандағыдай посткеңестік елдер үшін орталық болудан қалғалы қай заман?! Әлемдік жұлдыздар Мәскеуге бармаса да, Астана, Ташкент, Бакуге қуана-қуана барып жүр. Егер Астана мен Алматыға Дженнифер Лопез келсе, Бакуге Джастин Тимберлейк барған, Самарқандқа Өзбекстанның тәуелсіздік күніне орай Андреа Бочелли арнайы барады деп күтіліп отыр.
Джей Лоның Астанадағы концерті бір сағат кешігіп басталды. Жиналған жұрт әншіні сабырмен күтті. Оған дейін танымал отандық әнші Қайрат Баекенов ән шырқады. Көрермендер қазақ әншісінің «Махаббат» әнін қосылып шырқады. Бүкіл стадион қазақша әндеткенде, Джей Лоның емес, Қайрат Баекованың жеке концертіне келгендей әсерде болдық. Бұл жәйт те қазақ әншілеріне деген сұраныстың жоғарылығын көрсетсе керек.
Көп ұзамай сахнаға Джей Ло шығып, әнін айтып, би билей жөнелді. Көрермендерге ілтипатын білдіріп, «Сәлем, Астана! Қалың қалай?» деп кері байланыс та орнатты. Залда «Бүгін менің туған күнім» деп жазған қызбаланың жазбасын байқап қалған әнші оның атын сұрады да: «Зәуре, туған күніңмен!» деп құттықтады. Мұндай ілтипатқа зал жарылып, қолдау білдірді.
Джей Лоның бэк-вокалистері Астананы не үшін ұнатты?
Қазірше Джей Ло инстаграммдағы парақшасында Астана туралы екі-ақ жазба қалдырса, әншімен жұмыс істейтін бэк-вокалистер, музыканттар Қазақстаннан нешетүрлі видеолар таратып үлгерген. Барабаншы Чарлз Стритер: «Мұнда адамдар ерекше мейірімді, жақсы екен, біздің оңтүстіктің, Мемфиз, Теннеси, не Миссисипидің адамдарына ұқсайды. Архитектурасы басқа әлем. Тамағы да дәмді. Көргілерің келсе, осында келіңдер» деп видео жариялаған. Ал бэк-вокалист қыздар «Қазақстан осындай деп кім ойлаған? Ауа-райы керемет, шамамен 22 градус ыстық. Әдемі! Қазақстан, бізге бұл ұнайды» деп видео таратты. Әрине, ып-ыстық Дубайдан кейін Астананың қоңыр салқын ауа-райы америкалықтарға майдай жаққаны анық. Желі қолданушылары Джей Лоның тобын қолдап, жылы лебізін білдіріп жатыр.
Сондай-ақ, Джей Лоның музыканттары Астанадағы Бас мешіттің видеосын, Сент-реджис қонақүйінің сыртындағы көріністер, көпір, қала ғимараттарын суретке түсіріп, «Астана, Қазақстан» деп белгілеген. Ұлттық шапан киген музыканттар жергілікті қонақжайлылықты оң бағалаған.
Бұл концертке қанша шетелдік турист келгені әлі де белгісіз. Жалпы, орташа бағаласақ, Қазақстанда кемі 3-4, 5-6 күн болатын турист 500 000 теңгеден бастап 1 500 000 теңгеге дейін қаржы қалдырады деп есептеледі. Бұған тек концерт билетінің бағасы ғана емес, жататын қонақүй, мейрамхана, кафе, шоппинг, мұражай сияқты қаланың түрлі көрнекі жерлерін аралау кіреді.
Дамыған Еуропа елдері мен Америкада әлемдік жұлдыздардың турнесі экономикаға айтарлықтай пайда әкеледі. Мәселен, әлемдік әнші Әделдің Мюнхендегі концерті неміс экономикасына 540 млн еуро әкеліпті. Әрине бұл концертке тек Германиядан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келген. Экономистер ивент-туризм аясында тек қонақүй, мейрамхана, көлік қызметінде ғана оң серпін бермейді, сондай-ақ уақытша жұмыс орындары ашылып, экономикаға оң серпіліс әкеледі деп ойлайды. ProDengi.kz хабарлауынша, Тейлор Свифттің турынан түсетін табысты кішігірім елдердің экономикасымен салыстыруға болады екен. Сарапшылар Тейлор Свифттің турына сатылатын билеттерден түсетін табыс 1 млрд доллардан асады деп болжаса да, шын табыс 4,6 млрд долларлан асқан екен?! Ал әнші Beyonce өз турын Швециядан бастап, тыңдармандар Стокгольмға ағылып, жергілікті жалдамалы тұрғын үй бағасынан бастап азық-түлік бағасы қымбаттап, бұл процесс керісінше инфляцияны баяулатып, экономистер күткен табысты мүлдем ақтамаған екен. Яғни, әлемдік турды қабылдайтын бірінші, не соңғы ел болу да табысқа әсер ететін көрінеді.
Қазақстан бұл тұрғыдан жас мемлекет. Елімізде ивент-туризм түгілі жалпы экотуризм, теңіз туризмі, медициналық туризм, діни туризм, тағысын тағы әлі де жаңадан дамып жатқан салалар. Қазірше Қазақстанға мыңдаған тыңдарманын әкеле алған жалғыз әнші Димаш боп тұр. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы Астанада өткен Димаштың Stranger атты екікүндік концертіне әлемнің 80 елінен 10 000 шетелдік турист келген. Жалпы, концертке 35 000 адам жиналған. АҚШ, Қытай, Италия, Англия, Франция, Венгрия, Германия, Норвегия, Түркия мен ТМД елдерінен келген жанкүйерлер Димашпен бірге «Дайдидау», «Махаббат бер маған» сияқты қазақша әндерді бірге шырқаған. Қазірше шетелдік туристерді тартуда Димаштың рекордын отандық түгілі шетелдік әншілер жаңарта қойған жоқ. Айтпақшы, биыл Димаш алғаш рет Латын Америкасында жеке концертін береді. Сондай-ақ, Stranger турнесі аясында АҚШ-та, Нью-Йоркта атақты Madison Square Garden сарайында жеке шығармашылық концерті өткізбек.
Жалпы Джей Лоның концертін Астанада ұйымдастыруда мін болмаған соң, жергілікті әкімдік те, тұрғындар да ивент-туризмнің дамуына қаншалықты мүдделі екенін байқауға болады. Жергілікті билік тыңдармандар үшін арнайы шатлдар, яғни Астананың 5-6 ауданына тегін жеткізетін автобустар да қойған. Автобус жүргізушілері концерттен кейін Джей Лоның әнін қойып, көрермендердің көңілін көтерген. Мұндай кішігірім жәйттер де туристердің есінде қаларлық оң бастамалар.
Не десек те, Қазақстанда жаңа мәдениет, жаңа туристік бағыт бастау алып жатыр. Ішкі не сыртқы туристер болсын, мұның бәрі экономикаға оң серпін әкелетін дүниелер. Бұл орайда желі қолданушылары «соғысты қолдап, бізде өткен концертінен өз еліне миллиондап салық төлейтін ресейлік әншілердің қалтасын қампайтқанша, соғысқа қарсы еуропалық, америкалық әншілерді шақырған жөн» деп санайды.
Айтпақшы, алдағы 3 жылда Қазақстанға Dua Lipa, Beyonce, Rihanna, Billie Eilish, Bruno Mars, Coldplay сияқты әншілер мен топтар келуі мүмкін екен. Backstreetboys тобының күзде өтетін концертіне билеттер әлден сатылып жатыр.