Қазақстаннан екенін білген соң жұмыстан шығарған: Кореяда болған оқиға

Бүгін, 10:37 / Марғұлан Ақан
Фото: ашық дереккөзден алынды

Оңтүстік Кореяда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген қазақстандық Милена Ли есімді бойжеткен жұмысынан айырылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқушылардың ата-аналары оның Қазақстаннан екенін білген соң, мектеп әкімшілігі оны жұмыстан шығарған. Бұл туралы ол TikTok парақшасында жариялаған бейнежазбасында айтты.

"Ата-аналар менің ана тілім – ағылшын емес екенін айтып, наразылық білдірді. Оларға менің ағылшын тілі бойынша дипломымның бары маңызды болмады. Ал кейбір мұғалімдердің тіпті арнайы білімі де жоқ еді", – деді Милена видеода.

Ол ағылшын тілін кәсіби деңгейде меңгерген, тіл саласында жоғары білім алған маман екенін алға тартады. Алайда бұл фактор оның жұмыс орнында қалуына жеткіліксіз болған.

Мектептен ұсыныс та түскен, бірақ...

Мектеп басшылығы Миленаға мұғалім емес, менеджер қызметін ұсынған. Алайда бұл жұмыс ұзақ жол жүруді талап еткен әрі жұмыс шарты (контракт) ұсынылмаған.

"Мені жұмыстан босатқан соң, кенеттен келісімшарт беріп, 60 күн міндетті түрде жұмыс істеу талабын қойды", – дейді ол.

Milena Lee-дің бұл оқиғасы TikTok-та кеңінен таралып, желі қолданушыларының қолдауына ие болды. Кейбір комментаторлар Оңтүстік Кореядағы шетелдік мұғалімдерге қатысты кемсітушілікті жиі кездестіруге болатынын жазған.

Тэгтер:

мұғалім Оңтүстік Корея жұмыс қазақстандық маман