Астанада тағы екі жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді

Бүгін, 13:19 / Arasha.kz

Елорданың мыңдаған оқушысы жаңа оқу жылын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи әрі қауіпсіз мектептерде бастайды, деп хабарлайды Arasha.kz.

«BCN Group» («Bazis Construction») компаниясы Ашық есік күндерін өткізуді жақсы дәстүрге айналдырды – бұл жолы Астанадағы жаңа мектептерде ата-аналар мен болашақ оқушылар ғимараттардың техникалық жабдықталуын, сәулеттік шешімдерін және жайлылығын өз көздерімен көріп, бағалады. Қазіргі таңда оқушыларды алдын ала қабылдау басталды.

2000 оқушыға арналған екі жаңа мектеп Байқоңыр ауданындағы Егемен Қазақстан мен А. Иманов көшелерінің қиылысында және Алматы ауданындағы М. Төлебаев пен Бурабай көшелерінің қиылысында орналасқан. Құрылыстың бас мердігері – «BCN Group» («Bazis Construction») ЖШС. Құрылыс жұмыстары аяқталып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Әр мектеп – 19 мың шаршы метрден астам жалпы ауданы бар төрт қабатты заманауи ғимарат. Онда сегіз оқу блогы, екі үлкен және екі шағын спорт залы, 432 орындық акт залы, кітапхана, асхана және оқушыларға арналған жеке шкафтар қарастырылған. STEM-білім беруге ерекше назар аударылған: кабинеттер зертханалармен, робототехникамен, лингафондық сыныптармен және интерактивті тақталармен жабдықталған. Мектеп ауласында спорт алаңдары және қыс мезгілінде қолданылатын хоккей корттары бар. Ғимараттар толық инклюзивті талаптарға сай және бейнебақылау мен дабыл түймелерімен жабдықталған.

«Өткен жылы Астанада 2000 орындық екі мектеп салдық, онда оқушылар алғашқы оқу жылын аяқтады. Биыл біз тағы екі мектепті пайдалануға беріп отырмыз. Бұл нысандар заманауи техникамен толық жабдықталған. Біз елорданың ғана емес, бүкіл еліміздің білім беру инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесімізді мақтан тұтамыз. Бұл – құрылыс қана емес, бұл – Қазақстанның болашағына жасалған инвестиция», — деді нысан директоры, «BCN Group» өкілі Талғат Елемесов.

«Бүгін №119 мектепте экскурсия өтті. Ата-аналар мен оқушылар хореография және спорт залдарын, STEM-кабинеттерді, заманауи сыныптарды көрді. Мұнда әр баланың дамуына қолайлы орта жасалған. Біз сапалы әрі заманауи мектеп салып берген құрылысшыларға шын жүректен алғысымызды білдіреміз», — деді мектеп кураторы Гүлжан Жиенқызы.

«Бұл мектеп үлкен әрі заманауи болады деп ойлаған едім, бірақ көргенім барлық үміттен асып түсті. Мемлекетіміз осындай жобаларға инвестиция салып жатқанына қуаныштымын. Әрине, құрылысшыларға ерекше алғыс айтқым келеді. Біз осы маңда тұрамыз, олар күн-түн демей еңбектеніп жүргенін көзімізбен көрдік. Осындай үлкен ғимаратты көтеру мен жабдықтау – орасан зор еңбек және үлкен құрметке лайық», — деді ата-ана Александра Галиева.

 

«Мектеп бізге өте ұнады! Әсіресе робототехника кабинеті мен спорт залдары ерекше әсер қалдырды. Мұнда барлығы өте заманауи, бәрі ойластырылған. 1 қыркүйекті асыға күтіп жүрміз. Құрылысшыларға алғысымыз шексіз – олар бұл мектепті небәрі бір жылдың ішінде салып шықты, бар күшін салып, жанын берді. Енді біз бұдан да жақсы оқитын боламыз!», — деп әсерімен бөлісті оқушылар Эмир Махин мен Ринат Галиев.

Бүгінгі таңда «BCN Group» («Bazis Construction») компаниясы 6 мектепті пайдалануға берді, тағы 10 мектептің құрылысы жалғасуда және олар 1 қыркүйекке дейін ашылады. Жалпы, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша Астана, Алматы, Түркістан облысы және Ақтөбе қалаларында 29 500 оқушыға арналған 16 мектеп салынуда.