Magnum мемлекеттен не үшін тегін ақша алып отыр? — Олжаев

Бүгін, 14:15 / Марғұлан Ақан
Фото: коллаж arasha.kz

Алматыдағы алғашқы Magnum гипермаркетінің сөрелерінен отандық өнімнің жоғалып кетуі қоғамда резонанс тудырды. PR маманы Айбар Олжаев өз Facebook парақшасында еліміздегі ең ірі сауда желісінің әрекетін сынға алды. Оның айтуынша, Magnum сауда желісі мемлекеттік қолдауға ие бола отырып, шетелдік тауарларды – әсіресе ресейлік өнімдерді – отандық өнімнің орнына қоюда.

«Сенбі күні Алматыдағы “Жетісу” ықшам ауданындағы іргелі Magnum-ға бас сұқтым. Сөрелерді он айналып, өзіміздің отандық майонезді таба алмадым», – дейді Олжаев.

Оның айтуынша, іздеген «3 желание» майонезі – Алматыда өндірілетін өнім – сөреде болмаған. Оның орнын ресейлік «Макеев» майонезі басқан.

Маман бұл жағдайды жүйелі проблема ретінде сипаттайды. «Magnum жекеменшік бизнес. Ол қазақстандық өнімді мүлде сатпай, сөрелерді Бразилияның бубузеласымен толтырып қойса да өз еркі. Бірақ ондайы бар болатын болса, мемлекеттен не үшін 0,01 пайызбен тегін ақша алып отыр деген сұрақ туындайды», – деп жазады Олжаев.

Оның мәліметінше, соңғы 5 жыл ішінде бір Алматының өзінде ғана Magnum кемінде 13 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік көмек алған. Ал республикалық көлемде бұл көрсеткіш 17-18 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Айбар Олжаев мемлекеттік саясаттағы логикалық олқылықтарға да назар аударады:

«Сауда министрлігі тарапынан үлкен логикалық қателік бар. Олар Magnum сияқты ірі сауда желілеріне пайызсыз несие таратып отырғанда тек белгілі бір әлеуметтік азық-түлікке бағаны өсірмеу бойынша талап қояды. Бірақ "ол тауар отандық болуы тиіс" деген шарт жоқ».

PR маманының айтуынша, бұл жүйе отандық тауар өндірушілердің нарықтағы үлесін төмендетіп қана қоймай, шетел валютасының ішкі нарыққа енуіне және теңгеге қысымның артуына ықпал етеді.

«Қазақстанның Ресейден алатын азық-түлік импорты 2024 жылы 10 пайызға өсіп кетті. Қазір Ресейден 1,9 миллиард долларға азық-түлік аламыз. Енді осы 2 миллиардтық ақша каналы рубльдің теңгеге ықпалын қамтамасыз етеді де, ертең Ресейде міндетті түрде орын алатын инфляция бізге де әсер береді», – дейді Олжаев.

Маман екі шешім ұсынады: «Не Magnum-ға мемлекеттен ақша бөлінбеу керек. Олар білгенін сатсын. Не Magnum-ға мемлекеттен ақша бөліну жалғасса, онда отандық азық-түлікті қандай жағдай болмасын сөреден алып тастауға тиым салу керек».

Magnum – елдегі азық-түлік саудасының 8% үлесін иеленген ірі ойыншы. Оның әр шешімі отандық өндірушілер мен тұтынушыларға тікелей әсер етеді. Ал олардың отандық тауарды ығыстыруы – «өз бұтағын өзі кескенмен» тең, дейді Айбар Олжаев.

Олжаев алдағы уақытта Magnum-ның әрекетіне Мәжіліс депутаттарының да назар аударуына ықпал етпек. «Осы аптада Үкіметтегі ең биік кабинеттен Magnum-ға ескерту сигналы келуі тиіс. Ал жұма күні Жетісудегі аңызға айналған гипермаркетіне тағы барып, қазақ майонезінің сөредегі тағдырын бір тексеремін», – деп түйіндейді ол.

Тэгтер:

магнум ақша табыс Мемлекеттік қолдау Magnum Айбар Олжаев дүкендер желісі майонез отандық өнім