Франция Қарулы күштері штабының басшысы, генерал Тьерри Буркхард қызметінен кетіп бара жатып, 2030 жылға қарай Ресей қайтадан Батыс елдеріне нақты қауіп төндіретін әскери қуатты қалпына келтіреді деп ескертті. Бұл туралы ол өзінің отставка қарсаңындағы сұхбатында мәлімдеді.
Генералдың айтуынша, Украинамен соғыста Ресей үлкен шығынға ұшыраса да, қару-жарақ өндірісін белсенді арттырып жатыр. Сонымен қатар, ол елдің мобилизациялық резервтері мен соғыс тәжірибесі ұзақмерзімді қақтығыстарда Батыс елдерінен артық болуы мүмкін екенін айтты.
«Ресейдің төзімділігі мен соғысқа икемділігі Еуропа елдерінкінен асып кетуі ықтимал. Сондықтан Еуропа тек техника санын емес, әскердің ұйымдасу жүйесін де өзгертуге дайын болуы тиіс», – дейді генерал Буркхард.
Ол Еуропа елдері АҚШ-тың соғыс жүргізу моделін – абсолютті техникалық басымдыққа сүйенетін жүйесін – көшіре алмайтынын атап өтті. Оның орнына Еуроодақ «аз ресурспен, бірақ жоғары маневрлік пен икемділікпен» соғысуға үйренуі қажет.
Сонымен қатар генерал қазіргі заманғы ұрыс алаңы – әсіресе Украинадағыдай ашық, технологияға толы кеңістік – жаңа тактикалық шешімдерді талап ететінін айтты.
«Кімнің дроны көп, сол емес, кім дрондарды артиллериямен, авиациямен және командалық құрылыммен нақты уақыт режимінде байланыстыра алады – сол жеңіске жетеді», – деді ол.
Бұл ескерту Еуропа елдеріне Ресейдің әскери әлеуетін елемей, техникалық даму мен тактикалық жаңғыруды кешеуілдетуге болмайтынын меңзейді.