Қазақстанда сұйытылған мұнай газы 7-12% қымбаттады

Бүгін, 11:58 / Марғұлан Ақан
Фото: коллаж arasha.kz

2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанда автогаз құю станцияларына (АГЗС) арналған сұйытылған мұнай газының (СНГ) шекті бөлшек бағасы 7–12% аралығында өсті. Бұл туралы Kazenergy – Мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы хабарлады.

Аймақтар бойынша жаңа бағалар төмендегідей:

Астана, Алматы, Шымкент, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында газ бағасы 102 теңгеден 112 теңгеге көтерілді.

Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында баға 77 теңгеден 85 теңгеге өсті.

Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында – 90 теңгеден 102 теңгеге дейін қымбаттады.

Маңғыстау облысында – 65 теңгеден 72 теңгеге дейін көтерілді.

Сонымен қатар, 1 тамыздан бастап ішкі нарықтағы сұйытылған газдың шекті көтерме бағасы да қайта қаралды. Енді көтерме баға ҚҚС-сыз тоннасына 59 722 теңге болады (бұрын – 51 932 теңге). Бұл жаңа баға 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін күшінде болады.

Тэгтер:

баға газ Сұйытылған газ қымбат