Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарсы қастандық ісі бойынша сот процесі басталды. Қылмыстық іс Шымкенттегі сотта қаралып жатыр. Алайда алғашқы отырысқа Берденовтің өзі қатысқан жоқ. Оның денсаулығына байланысты ем алып жатқанын қорғаушысы айтқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Еске салайық, биыл 21 сәуірде Руслан Берденовке белгісіз біреу оқ атып, шенеунік ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасап, өміріне араша түскен болатын.
Прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, күдікті – Шымкент әкімдігіне қарасты компанияның бұрынғы қызметкері. Алдын ала тыңдау кезінде мемлекеттік айыптаушылар оның әрекетін «кек алу мақсатында жасалған» деп бағалаған. Прокурорлар "күдікті өз қызметінен айырылатынын білгеннен кейін, Берденовке қарсы қарулы шабуыл жасауға бел буған" деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда айыпталушының өзі де, адвокаты да істің нақты мән-жайы мен себептері туралы пікір білдіруден бас тартып отыр. Алайда оның тергеу кезінде берген жауаптарынан белгілі болғандай, бұрынғы жұмысынан шығып қалғаны оған ауыр тиген.
Сот процесі әлі жалғасып жатыр. Іс қоғам мен БАҚ-тың ерекше назарында. Шымкент қалалық соты алдағы аптада тергеу материалдарын тыңдап, куәларды шақыруды жоспарлап отыр.