63 жасында әйгілі театр режиссері Юрий Бутусов дүниеден өтті. Қайғылы жаңалықты актриса Варвара Шмыкова әлеуметтік желіде хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Мәдениет майталманының өлімінің нақты себебі әзірге жария етілген жоқ.
"Сену мүмкін емес. Жаныңыз жәннатта болсын, құрметті Юрий Николаевич", – деп жазды әртіс.
Юрий Бутусов 1961 жылы Ленинград облысының Гатчина қаласында дүниеге келген. Ол Санкт-Петербург театр өнері академиясының режиссура факультетін тәмамдаған. Дипломдық жұмысы – "Годоны күту" спектаклі режиссерге үлкен танымалдық әкеліп, беделді марапаттардың, соның ішінде "Алтын маска" сыйлығының иегері атандырды.
Өз шығармашылық жолында ол Санкт-Петербургтегі Ленсовет атындағы театрды және Мәскеудегі Вахтангов атындағы театрды басқарған. Бутусовтың әйгілі қойылымдарының қатарында – "Шағала", "Макбет. Кино", "Король Лир", "Отелло" бар. Сонымен бірге, ол ГИТИС-те ұстаздық етіп, жас режиссерлерді тәрбиеледі.