Кеңес және Ресей актері, Ресейдің халық әртісі Иван Краско 94 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Бүгін Иван Иванович Краско өмірден өтті. Бұл орны толмас қаза. Соңғы жылы өз сырқатына қарамастан, ол өзінің мықты әрі берік қалпын сақтауға тырысты", – деді жақындары.
Актер үлкен сырқатқа шалдығып, екі мәрте инсульт алған. Тамыз айының басында ол жансақтау бөліміне түскен еді. Сол кезде оның директоры Красконың жағдайының ауыр екенін айтқан.
Иван Краско 1930 жылдың 23 қыркүйегінде Ленинград облысында дүниеге келген. 1953 жылы Балтық жоғары әскери-теңіз училищесін бітіріп, Дунай өзен флотилиясының десант кемесінің командирі болып тағайындалды.
1957 жылы А.Н. Островский атындағы Ленинград театр институтына оқуға түсіп, оны 1961 жылы тәмамдаған соң, Георгий Товстоногов жетекшілік еткен Үлкен драма театрында жұмыс істей бастады. 1965 жылы В.Ф. Комиссаржевская атындағы театрға ауысып, онда 2021 жылға дейін еңбек етті.
Краско "Ұшқыр гусарлар эскадроны", "Полк баласы", "Тайга императорының соңы", "Мырза-суретші", "Кеден", "Ханзада мен қайыршы", "Ауған сызаты", "Өлім күші", "Қысқы ұлттық аңшылықтың ерекшеліктері", "Тарас Бульба" және басқа да фильмдер мен сериалдарға түсті.
Сонымен қатар "Қарға мұрын" ("Карлик Нос"), "Алеша Попович және Тугарин Жылан", "Асыл тастар тауы" мультфильмдеріндегі кейіпкерлерді дыбыстаған.
Иван Краско төрт рет үйленген, екі қызы және үш ұлы болған.