CNN-нің Ақ үйдегі дереккөздеріне сілтеме жасаған ақпаратына сай, Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың саммиті Анкоридж қаласындағы Эльмендорф–Ричардсон әскери базасында өтеді.
Кездесуді өткізу орны ұзақ уақытқа созылған құпия келіссөздерден кейін анықталды. Бастапқыда Вашингтон Мәскеу делегациясын америкалық әскери нысанда қабылдаудан қашқақтағанымен, түпкілікті шешім АҚШ аумағында қабылданды.
Кремль еуропалық алаңдарды — Вена немесе Женева сияқты дәстүрлі саммит қалаларын — қабылдамады. Венгрия да нұсқа ретінде қарастырылғанымен, екі тарап АҚШ аумағын таңдады. Бұл таңдау америкалық шенеуніктер үшін күтпеген, бірақ жағымды жаңалық болды.
АҚШ құпия қызметінің жоғары лауазымды бұрынғы қызметкері Роберт Макдоналдтың айтуынша, Путинді қорғауға оның ресейлік жеке күзетімен қатар АҚШ құпия қызметінің мамандары да тартылады. «Біз президент Путиннің мұнда болған кезінде оған ештеңе болмауын қамтамасыз еткіміз келеді», — деді ол.
Эльмендорф–Ричардсон — АҚШ Әуе күштері мен Құрлық әскерлерінің бірлескен базасы. Анкоридж — Алясканың ең ірі қаласы әрі халқы 100 мыңнан асатын АҚШ-тың ең солтүстіктегі қаласы. Мұнда штат халқының шамамен 40%-ы (300 мыңға жуық адам) тұрады. Қала — аймақтың маңызды көлік, сауда және туризм орталығы.
Кеше Ресей СІМ мәлімдегендей, Сергей Лавров пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио екі ел басшыларының кездесуіне дайындық барысын талқылады.