Халықтық қосымша жасанды интеллектке қосылды

14 тамыз, 2025 / Айгүл Таңатар
Egov.kz

eGov Mobile – халықтық қосымша деуге лайық. Оны тұтынушылар саны бес жыл ішінде алты есеге көбейіп, 11 миллионға жеткен. Мобильдік қосымша заман ағымынан қалмай, ғылыми-технологиялық жетістіктерге бейімделуі – зор талап.

Осы ретте eGov Mobile смарт қосымшасында соңғы жылдардағы аса ауқымды жаңғырту жүргізілді. Жаңалық интерфейске, қауіпсіздікке, функционалға оң әсер етті. Атап айтқанда, интеллектуалды іздеу және виртуалды көмекші қызметі қосылды: сұраныс енгізген сәтте қызметтер мен өмірлік жағдайлар көрсетіледі. Қосымша AI чат-форматта автоматты түрде кеңес беріп, тиісті бөлімге бағыттайды.

Сондай-ақ қауіпсіздік тұрғысынан дами түскен: жеке деректерді қорғау, сыртқы қауіптерге қарсы «иммунитеті» күшейген. Навигация жағында да жағымды жаңалықтар байқалады. Мысалы, басты бетте ең қажетті сервистер мен цифрлық құжаттардың белгішелері келесі бөлімдерге өтпей-ақ қолжетімді.

Аталған жаңартулар мемлекеттік қызметтің сапасын арттыра түседі. Қолданушы уақытына үнемді, қолайлы және сенімдірек.

Тэгтер:

қауіпсіздік Egov Халықтық