Астанада республикалық дәстүрлі Тамыз конференциясы өтіп жатыр. Биыл «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбына арналған басқосуға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Мемлекет басшысының сөзінде білім беру саласына қатысты жайттар жан-жақты қамтылды. «Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек. Мен білім беру саласына айрықша мән беремін», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Атап өтелік, оның 2019 жылы Президент ретінде қабылдаған алғашқы шешімдерінің бірі ұстаздарға қатысты болған. Содан бері білім беру саласын тұрақты қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып келеді.
2019 жылмен салыстырғанда, білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы отызға жуығы салынып жатыр.
«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды.
Президент мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да ерекше тоқталды: соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстемеақы төленеді.