Трамп Украинаға Ресеймен келісімге келуге кеңес берді

16 тамыз, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Путинмен кездесуден кейін АҚШ президенті Fox News арнасына сұхбат берді. Онда ол келіссөздерді «ондықпен бағалады», себебі «ірі ядролық державалардың сөйлескені — тиімді». Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Кездесу қорытындысы бойынша Трамп Путиннің «мәселені шешкісі келетінін» және Ресей мен Украинаның келісімге жақын екенін айтты. Бірақ бұл келісімнің шарттары қандай, Путин неге келіскені жөнінде ол нақтыламады. Тіпті қай мәселелер бойынша Ресей президентімен келіспейтінін де айтпады. «Бұл сұраққа жауап бермегенді жөн көремін», – деді Трамп.

Соған қарамастан ол: «Енді бәрі президент Зеленскийге байланысты», – деп мәлімдеді. Ал АҚШ президенті Путин мен Зеленскийдің кездесуін тіпті келесі аптада өткізуге дайын екенін жеткізді.

«Қазір олар президент Зеленский мен президент Путиннің кездесуін ұйымдастырмақшы. Мен бұған тіпті өтініш білдірмеген сияқтымын. Онда болғым келмейді де, бірақ мұның жүзеге асқанына көз жеткізгім келеді», – деді Трамп. Бұл сөздерінен кездесуді нақты кім ұйымдастыратыны — Мәскеу ме, әлде Киев пе, түсініксіз болып тұр.

Сондай-ақ Трамп Путинмен Украина қауіпсіздік кепілдіктері мәселесі бойынша көп нәрсеге келісілгенін жеткізді. Ол Зеленскийге Путинмен мәмілеге келуге кеңес беріп:
«Ресей — өте қуатты держава, ал олар [Украина] — олай емес», – деді.

Ресей мұнайын сатып алғаны үшін Қытайға екінші реттік санкциялар салу туралы сұраққа жауап берген Трамп: «Бүгін болған оқиғаларға байланысты қазір бұл туралы ойланудың қажеті жоқ деп ойлаймын», – деді. Бірақ екі-үш аптадан кейін бұл мәселеге қайта оралуға болатынын қосты.
 

Тэгтер:

Путин Трамп Зеленский Укаина