Павлодар фермерлері үлкен мәселеге тап болды. Арзан ресейлік бидайдың заңсыз әкелінуі жергілікті өнім бағасының құлдырауына әкелді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Павлодар облысы Экономикалық тергеулер департаменті басшысының орынбасары Ринат Арғынбековтің айтуынша, биыл өңірге Ресейден шамамен 52 мың тонна бидай әкелінген. Соның салдарынан отандық астықтың бағасы тоннасына 120 мыңнан 80 мың теңгеге дейін түсіп, павлодарлық шаруалар өнімін тиімді сата алмай отыр, деп жазды Pavlodar-online.
Экономикалық тергеу қызметі «көлеңкелі» астық арқылы табыс табудың екі негізгі сызбасын анықтады.
Біріншісі – көлемді азайтып көрсету. Ресейлік астық автокөлікпен әкелінгенде құжаттарда нақты салмақтан аз көрсетілген. Осылайша импорттаушылар ҚҚС төлеуден жалтарып, мемлекет бюджетіне зиян келтірген. Мұнымен күресу үшін автомобильдік өткізу бекеттеріне таразы жабдығын орнату жоспарланып отыр.
Екінші тәсіл – ресейлік бидайды қазақстандық етіп көрсету. Ең кең тараған схема – арзан ресейлік бидайды Қазақстан өнімі ретінде Өзбекстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран және Қытайға экспорттау. Мұның себебі – халықаралық теміржол тарифін төлемеу.
– Мысалы, Павлодар станциясынан Ауғанстанға, Түркістан облысындағы Сарыағаш станциясы арқылы бидай жөнелтілсе, бір вагонға теміржол тарифі 448 мың теңгені құрайды. Ал транзиттік тариф – 1,8 миллион теңге. Айырмашылық – 4 есе. Осыдан біздің ұлттық компания – «ҚТЖ» үлкен қаражат жоғалтады. Бұдан бөлек, салықтан жалтару үшін шаруашылық басшылары жалған шот-фактуралар жазып берген, – деді Ринат Арғынбеков.
Өткен жылы заңсыз астық айналымын тоқтату мақсатында 22 қылмыстық іс қозғалып, олардың жалпы залалы шамамен 4,2 миллиард теңгені құраған.
Биыл ресейлік бидайды қазақстандық етіп көрсеткен бір компанияға қатысты сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Ол «ҚТЖ»-ға 253 миллион теңге көлемінде зиян келтірген.