Германия бұрынғы колонияларына өтемақы төлеуден бас тартты

Бүгін, 13:10 / Қайсар Қалам
Сурет: Getty Images

Германия билігі «неміс отарлық билігі кезінде жасалған әділетсіздікті» мойындағанымен, бұрынғы отарларына өтемақы төлеуді жоспарламайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Tagesspiegel басылымы жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Үкіметтің айтуынша, «өтемақы ұғымы халықаралық құқықта тек халықаралық міндеттемелер бұзылған жағдайда ғана пайда болады». Ал ол кезеңде Берлиннің ешқандай міндеттемесі болмағаны атап өтілді. Сонымен қатар, билік өкілдері колония дәуіріндегі мәдени құндылықтарды қайтару мәселесі бойынша көптеген елдермен байланыс жасап отырғанын жеткізді.

Оппозициялық «Одақ 90/Жасылдар» партиясы үкіметтің мұндай ұстанымын сынға алып, «формалды құқықтық бас тартудан гөрі жанашырлық танытуға» шақырды.

XIX ғасырдың соңында Герман империясының Азияда, Океанияда және Африкада отарлары болды. Ондағы басқару табиғи ресурстар мен адамдарды қанаумен, күшпен ассимиляциялаумен және жергілікті халықты геноцидке ұшыратумен сипатталды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның отарлары жеңімпаз мемлекеттер арасында бөлініп кетті.

Еске сала кетейік, Польша сеймі Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі залал үшін Германиядан әскери репарациялар талап ету жөніндегі қарарды қабылдады. Сондай-ақ, олар мұндай қадамды КСРО-ның құқықтық мұрагері ретінде Ресейге қатысты да жасауды жоспарлап отыр.
 

Тэгтер:

өтемақы Германия Колония