Түрікменстанда Қазақстаннан жеткізілген еттен бруцеллез анықталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Түрікменстан хроникасы» басылымының хабарлауынша, қауіпті өнім маусым айының соңында Ақмола облысынан әкелініп, Ахал уәлаятында, соның ішінде балабақшалар мен балалар үйлеріне таратылған. Басқа бір бөлігі Марый және Лебап уәлаяттарындағы қоғамдық тамақтану орындары арқылы сатылған.
Шілде айының басында жүргізілген сараптама еттің инфекция жұқтырғанын растады. Қазақстан тарапынан Түрікменстанға импорттаушы компания тауар үшін төленген ақшаны қайтаратыны хабарланған.
Түрікменстан Денсаулық сақтау министрлігі ластанған етті тәркілеуді, ауруханаларды және зардап шеккен мекемелердегі балаларды тексеруді тапсырды. Алайда тексеру жүргізілген кезде өнімнің бір бөлігі тағамға қолданылып кеткен. Тексеру қорытындылары әзірге жарияланбады.