18 тамызға қараған түні Ресейдің «Шахед» үлгісіндегі дрондары Әзербайжанның мемлекеттік SOCAR компаниясына тиесілі Одесса облысындағы мұнай базасына шабуыл жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әзербайжандық Minval басылымының хабарлауынша, бірнеше тура соққыдан кейін барлық 17 резервуар, сондай-ақ сорғы станциясының ғимараты, операторлық және таразылау орындары, техникалық бөлмелер мен қоршаулар зақымданған.
Аталған мұнай базасы 16 мың текше метрден астам мұнай сақтай алады. Басылым атап өткендей, шұғыл қалпына келтіру жұмыстары басталды. Украина Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі (ГСЧС) дрондар шабуылы салдарынан Одесса облысындағы отын-энергетика инфрақұрылымында ауқымды өрт шыққанын растады. Қаза тапқандар жоқ.
Ресейлік дрондар SOCAR мұнай базасына бұған дейін де — 8 тамызда соққы жасап, инфрақұрылымды зақымдаған болатын. Оған дейін екі күн бұрын дәл осы аймақта Әзербайжан газын Украинаға жеткізетін «Орловка» газ компрессорлық станциясы да дрон шабуылына ұшырады. Әзербайжан билігі Ресейді SOCAR мұнай базасына және өзге инфрақұрылым нысандарына «мақсатты әуе соққыларын» жасады деп айыптады.