Медиаменеджер Ляззат Танысбай «Қазақстан» телерадиокорпорациясынан (РТРК) кетіп, «Еуразия» Бірінші арнасының басшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Бірге еңбек еткен барлық әріптестеріме алғысымды білдіре отырып, басқарма төрайымы ретіндегі қызметімді аяқтау туралы шешім қабылдадым. Алты жылдан астам уақыт бойы мықты әрі кәсіби командамен бірге маңызды кезеңдерді еңсеріп, мақсаттар қойып, ірі жобаларды жүзеге асырдық. Бүгінгі корпорация жетістіктері – әріптестерімнің ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Осы жылдар ішінде қызметкерлер өзін тұрақты сезініп, өсуге мүмкіндік көретін жайлы еңбек ортасын қалыптастыруға тырыстым. Дәл осындай атмосфера – өнімділіктің де, жалпы табыстың да берік негізі деп санаймын», – деді Танысбай дүйсенбі күні ТРК басшыларымен кездесуде.
Ол сондай-ақ РТРК «Қазақстанды» әділ түрде «отандық телевизияның бесігі» деп атайтынын атап өтті.
«Әр кезеңде корпорацияны тарихта айқын із қалдырған көрнекті медиаменеджерлер басқарды. Бұл дәстүр сабақтастығын жалғастыру қажет. Уақыт өте келе басшылар да ауысуы тиіс, бұл ұйым жұмысына жаңа тыныс пен серпін әкеледі. Менің шешімімді қолдаған министрге алғыс айтамын. Алдағы уақытта да қазақстандық телевизияны дамытуға еңбек етуді жалғастырамын», – деді ол.
Qazaqstan арнасының нақтылауынша, 18 тамыздан бастап Танысбай «Еуразия» Бірінші арнасының басшысы қызметіне кіріседі.
Айта кетейік, Танысбай 2019 жылдың сәуірінен бастап «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарған. Бұған дейін, 2012 жылдың ақпанынан бастап «Астана» телеарнасының бас директоры болды. Сонымен қатар 2018 жылдың шілдесінен бастап «НҰР-Медиа» холдингін басқарды, ал оған дейін 2011 жылы Байланыс және ақпарат вице-министрі қызметін атқарған.
«Қазақстан» ТРК-ның жаңа басшысы болып Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының басшысы және облыс әкіміне кеңесші болған Ернұр Бурахан тағайындалды.