Зеленский мен Трамп кездесуі немен аяқталды?

Бүгін, 09:24 / Қайсар Қалам
Сурет: ВВС

Владимир Зеленский келіссөздер өткізу үшін Вашингтонға Дональд Трампқа барды. Бқл жолы кездесу ақпан айындағы сапардағыдай дау-дамайға ұласқан жоқ, тыныш жағдайда өтті. Зеленский бұл жолы камуфляжды кимей, костюммен келіп, америкалық көшбасшыға бірнеше рет алғысын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Кездесудің басты тақырыбы Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері болды. Трамп көмек көрсетуді уәде етті, бірақ елдің НАТО-ға кіру мәселесі талқыланбайтынын анық білдірді. БАҚ дерегінше, Киев АҚШ-қа 100 млрд долларлық қару-жарақ сатып алу жөнінде келісімшарт ұсынды, алайда Ресейге қандай да бір аумақтық жеңілдік жасаудан бас тартты.

Ең көп талқыланған сәт – Трамптың күтпеген жерден Украина және Еуропа делегацияларымен келіссөзді тоқтатып, Владимир Путинге қоңырау шалуында болды. Бұл қадам одақтастарды таң қалдырды, бірақ Reuters дереккөзі еуропалық көшбасшылар бұл қоңырауды «оң белгі» деп қабылдағанын айтты. Олардың пікірінше, Трамп көбіне соңғы сөйлескен адамның ұстанымына бейім болады, сондықтан Еуропаның өз көзқарасын бекітуге мүмкіндігі артты.

Путинмен сөйлескеннен кейін Трамп Зеленский мен Ресей президентінің жеке кездесуін ұйымдастыруға дайындықты бастағанын мәлімдеді. Бұл кездесу екі апта ішінде өтуі мүмкін екені айтылды. Ал Зеленский келіссөздерге дайын екенін, аумақтық мәселелерді талқылауға ниетті екенін жеткізді.
 

Тэгтер:

Путин АҚШ Трамп Зеленский