РФ алдымен Украинамен екіжақты, кейін үшжақты кездесу өткізуді қалайды – Зеленский

Бүгін, 11:22 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйдегі келіссөздердің қорытындысы бойынша мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

– АҚШ президенті Ресей жағына хабарласып, қандай дипломатиялық қадамдар болуы мүмкін екенін талқылады. Ресей алдымен Украина–Ресей екіжақты кездесуін, содан кейін үшжақты кездесуді ұсынды. Біз кез келген форматқа дайынбыз, себебі барлық күрделі әрі ауыр мәселелерді тек лидерлер деңгейінде шеше аламыз, – деді ол.

Зеленскийдің айтуынша, Украина Владимир Путинмен екіжақты кездесуге де, үшжақтыға да дайын, бірақ бастысы – екіжақты кездесу қалай өтетініне байланысты.

– Біз екіжақты кездесу туралы ешқандай егжей-тегжейін білмейміз. АҚШ президентімен барлық тараптар соғысты тоқтатуға ниет танытуы керек деген мәселені талқыладық. Соғысты тоқтатуға ниет – бұл лидерлер деңгейіндегі дипломатиялық кездесу, – деді Зеленский.

Оның сөзінше, егер бір тарап немесе екінші тарап кездесуге ниет білдірмесе, онда Украина АҚШ-тан тиісті әрекет етуді сұрайды. Мұнда америкалық тараптың қысымы жайлы сөз болып отыр.

Сондай-ақ Зеленский: «Қандай форматтар болуы мүмкін екенін біз түсінеміз, сондықтан біздің кездесуіміз өтуі ықтимал», – деді.

АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social желісінде Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін және оның Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуін ұйымдастыруға дайындық басталғанын айтты. Дегенмен ықтимал үшжақты кездесу күні айтылмаған.
 

Тэгтер:

Путин Трамп Зеленский