Оқушыларға ұлттық дәстүрді дәріптеп отырған мектептер бар

30 шілде, 2025 / Arasha.kz
фото: egemen.kz

Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу арқылы кәсібін ашып, табысын тауып отырған жандарды насихаттау аса қажет. Осы мәселеге Алматы облысы Кеген ауданы Жылысай ауылында ерекше мән беріледі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу арқылы кәсібін ашып, табысын тауып отырған жандарды насихаттау аса қажет. Осы мәселеге Алматы облысы Кеген ауданы Жылысай ауылында ерекше мән беріледі.

Бізде әншілер мен ақындарды, актерлар мен жазушыларды таныстырып, жастармен жүздестіру бұрыннан бар. Ал Майлы Орманов мектебінің ұжымы қолөнер шеберлерін, атбегілер мен құсбегілерді, киіз үй жасап, ұлттық киім үлгілерін тігіп танылған жандарды жастарға таныстыруды жолға қойып отыр. Мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Жұмәділованың айтуынша, білім ордасындағы жарыстардың да дені осы ұлттық өнерді насихаттап, салт-дәстүрді танытуға бағытталған.

Мысалы, бізде киіз үй жасайтын шеберлер бар. Олар жасаған құрамалы үйлерге сұраныс өте жоғары. Ал жастар киіз жасау тұрмақ, оның сүйегінің атауларын дұрыстап білмейді. Соған орай біз ұлдар арасында қамшы өру, қайыс тілу, арқан есу, малдың етін мүшелеп сойып, қонақтарға тарту бойынша балалардың білімін тексеруге арналған сайыстар өткіземіз. Қыздарды да ұршық иіріп, құрақ құрауға, ұлттық тағамдарды дайындауға баулимыз. Қазақылығымызды қалыпты сақтау үшін салт-дәстүрден қол үзбеуіміз керек, – дейді Ғ.Жұмәділова.

Дәстүрді дәріптеген мектеп басқа білім ордаларына да үлгі болғай.