Ауыз су тапшылығы әлі де өзекті

30 шілде, 2025 / Arasha.kz
фото: pixabay.com

Үкімет есебі  бойынша, жоғарыдағы бағдарламалар шеңберінде еліміздегі 6148 елді мекеннің 5 679-ы сапалы ауыз сумен камтамасыз етілген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ауыз сумен қамтуда әлі де шешімін күткен мәселе көп. Оған еліміздің табиғи-климаттық ерекшеліктері мен инфрақұрылымның тозуы, қаржының аздығы және трансшекаралық өзендерге тәуелділіктің әсер етіп отырғаны белгілі. 
Соның салдарынан әлі күнге ауыз суды тасып ішетін ауылдар аз емес. Дегенмен, 2002-2010 жылдарда қолға алынған "Ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы", 2011-2020 жылдары жүзеге асырылған “Ақ бұлақ” бағдарламасы аймақтарды таза сумен қамтуда көптеген игілікті іске мұрындық болды. Осы бағдарламалар шеңберінде шалғай ауылдарға су құбырлары тартылып, желілері жаңартылды, жаңа инфрақұрылымдар салынды.
Бүгінде ауыз сумен қамтамасыз етуді көздейтін ұлттық жоспар бойынша ауқымды жұмыстар жүруде. Жоспар барысында ауыз суға мұқтаж Атырау, Қызылорда, Қостанай, Жамбыл, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының су мәселесін шешуге басымдық берілді. 2025 жылғы Үкімет есебі  бойынша, жоғарыдағы бағдарламалар шеңберінде еліміздегі 6148 елді мекеннің 5 679-ы сапалы ауыз сумен камтамасыз етілген.
Десек те, қазір әлем ауыз су тапшылығын сезінуде. Сондықтан халықты суды үнемдеуге үйретіп, қарғын суды қажетке жарату бойынша жұмыстарды қолға алу кезек күттірмейді.